Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов Екібастұзға жылу беру бойынша құрылған жедел штабтың кезекті отырысын өткізді.
Абай, Энергетиктер, Кеншілер көшелері (Абай көшесінен Б. Момышұлы көшесіне дейін), Пішембаев көшесі (М. Жүсіп көшесінен Абай көшесіне дейін), Мәшһүр Жүсіп көшесі (ЖЭО-нан ТЖ вокзалына дейін) және Әуезов көшесі (Энергетиктер көшесінен Қонаев көшесіне дейін) бойындағы 8 жылу магистралі толтырылып, іске қосылды.
3-8 қазан аралығында көпқабатты үйлерге жылу беріледі. Алғашқы болып № 1, 3, 4, 5А, 5Б, 6, 8, 9, 15, 19, 20, 22, 30, 31 шағынаудандардың көпқабатты үйлері жылу қабылдайды.
Күн сайын 140 үйді жылуға қосу көзделіп отыр.
9-10 қазан аралығында жеке секторды жылумен қамтамасыз ету жоспарланған.
Қаладағы 90 әлеуметтік нысаннан 40 нысан қосылды. 3 қазанда қалған 50 нысанға жылу берілуге тиіс.
Өңір басшысы Екібастұз қаласының коммуналдық қызметтеріне жылуды кезең-кезеңімен іске қосуды бақылауда ұстауды және қазан айының соңына дейін бұрын жөндеу жұмыстары жүргізілген жылу құбырларын оқшаулауды тапсырды.