Тиісті әкімдік қаулысының жобасы қоғамдық талқылау үшін «Ашық НҚА» порталында жарияланды.
Құжатқа сәйкес, төтенше жағдай режимі 2026 жылғы 19 шілдеде болған қауіпті гидрометеорологиялық құбылыстарға байланысты енгізілмек. Қаулы жобасын Екібастұз қаласы әкімінің аппараты әзірлеген.
Құжатта төтенше жағдай режимін енгізудің мақсаты қолданыстағы заңнамаға сәйкес табиғат апатының салдарын жоюға қажетті шараларды қабылдау екені көрсетілген.
Өңірдегі қолайсыз ауа райының салдары туралы Екібастұз қаласының әкімі Аян Бейсекин әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.
Оның айтуынша, қатты бұршақ пен екпінді жел салдарынан Құдайкөл ауылындағы ондаған тұрғын үйге, әлеуметтік нысандар мен инженерлік инфрақұрылымға зақым келген.
Әкімнің мәліметінше, алғашқы күннен бастап оқиға орнында барлық жауапты қызметтер жұмыс істеп жатыр. Қазіргі уақытта электр және сумен жабдықтау жүйелерін қалпына келтіру, нысандарға техникалық тексеру жүргізу және келтірілген шығын көлемін бағалау жұмыстары жалғасып жатыр.
Еске салайық, бұған дейін Павлодар облысында бұршақ пен қатты желден кейін алты тұрғын медициналық көмекке жүгінгені хабарланған болатын.