Екібастұзда теміржол стансасының жұмысшысы вагон астында жаншылып, көз жұмды

ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Қайғылы оқиға бойынша көліктегі полиция департаменті қылмыстық іс қозғаған. Қайтыс болған адам теміржол стансасында қозғалыс жылдамдығын реттеуші болып жұмыс істеген.

Фото: Александр Павский/ Kazinform

Павлодар облысының Екібастұз қаласындағы теміржол стансасында қайғылы оқиға болды. Стансадағы қозғалыс жылдамдығын реттеушіні жүк вагоны басып қалған. Ер адам оқиға орнында көз жұмған.

- 2026 жылғы 10 қарашада Павлодар стансасындағы көліктегі полиция бөлімімен абайсызда адам өліміне әкеп соққан теміржол көлігі жүрісі немесе оларды пайдалану қауіпсіздігі қағидаларын бұзу бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта оқиғаның себебі мен мән-жайын анықтау бойынша тиісті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Өзге ақпарат ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабының талаптарына сәйкес тергеу мүддесіне орай жариялауға жатпайды, - деп хабарлады көліктегі полиция департаментінен.

Көлік полициясы азаматтарға аса қауіпті аймақ саналатын теміржол көлігі объектілерінде болған кезде жеке қауіпсіздік пен теміржолдағы тәртіп ережелерін қатаң сақтауды ескертеді.

Еске сала кетейік, Павлодарда пойыз қағып кеткен 22 жастағы жігіт ауруханада көз жұмды.