Екі есірткі зертханасы мен химиялық прекурсорлар қоймасы жойылды

АСТАНА. ҚазАқпарат – Алматы қаласында Ұлттық қауіпсіздік комитеті өткізген іс-шаралар нәтижесінде 2 есірткі зертханасы мен химиялық прекурсорлардың ірі қоймасы жойылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Фото: ҚР ҰҚК баспасөз қызметі

10 келіден аса «мефедрон» синтетикалық есірткі, 15 тоннаға жуық прекурсор, сонымен қатар 4-5 есірткі зертханасын іске қосуға мүмкіндік беретін арнайы құралдар анықталып, тәркіленді.


Есірткі әзірлеу үстінде республикамыздың 4 азаматы ұсталып, оларға қатысты сот санкциясымен қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды.

Бұл фактілер бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмысы жүргізіліп жатыр.


ҰҚК биыл жыл басынан бері 24 есірткі зертханасын, 20 халықаралық және 23 аймақтық есірткі арнасын жойып, 780 келі синтетикалық есірткі мен 68 тоннадан аса прекурсорды тәркіледі.


Есірткі және психотроптық заттар мен олардың аналогтарының заңсыз айналымына, сатылуына, сақталуына, әзірленуіне, өсірілуіне, өңделуіне және сатып алынуына қатысы бар қылмыстар заң талаптарына сай 3 жылдан 20 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.