Екібастұздағы мектеп оқушылары мен колледж студенттері онлайн оқиды

АСТАНА. ҚазАқпарат – 20-24 ақпан аралығында Екібастұздағы мектеп оқушылары мен колледж студенттері онлайн оқиды. Бұл туралы қалалық білім бөлімінің әлеуметтік желідегі ресми парақшасында жарияланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«20-24 ақпан аралығында Екібастұз қаласындағы мектептер, колледждер мен қосымша білім беру ұйымдарының оқушылары қашықтықтан оқуды жалғастырады. Балабақшалар кезекші топтар режимінде жұмыс істейтін болады», - делінген білім бөлімінің Іnstagram парақшасында жарияланған хабарламада.

«Екібастұзжылуэнерго» ЖШС дерегінше, білім беру ұйымдары ғимараттарындағы жылу температурасын қалыпты жағдайға жеткізу үшін уақыт керек. Температуралық режим тұрақты деңгейге жеткен кезде оқушылар мен колледж студенттері білім ордаларына барып оқиды.

Еске салайық, кеше Екібастұздағы жылу электр орталығында желілік су құбыры зақымдалып, нысандарға жылу беру азайтылған еді.