Бұған дейін хабарлағанымыздай, Ирина Шмидт өзін зорламақ болған адамдардан қорғанып, екінші қабаттан секіріп кеткен еді. Бір ай бойы ауруханада ем қабылдаған ол балдақ ұстап, балаларының қамы үшін әкімдікке барды.
Ал бүгін Қылмыстық кодекстің «Зорлау» бабы бойынша қозғалған істің үкімі шықты. Ақтөбе облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында судья А.Сабыров айыпталушыны 10 жылға бас бостандығынан айырды. Сонымен қатар, ол Ирина Шмидтке 1 миллион теңге моральдық шығын төлеуге міндеттелді. Сот үкімі күшіне енген жоқ.
Айта кетейік, айыпталушы тарап үкіммен келіспей, апелляциялық шағым түсіруге дайындалып жатыр.
«Ирина Шмидт бұрын адам өлтіргені үшін сотталып, жазасын өтеп шыққан. Сонымен қатар, ол вокзал маңында жыныстық қызмет көрсеткен. Мұны вокзал маңындағы адамдар дәлелдеді. Сот кезінде құрылысшымын, еурожөндеу жүргіземін деп айтты. Жауабы шындыққа жанаспайды деп есептейміз. Тек дене жарақатын алған»,- деді айыпталушының қорғаушысы Айбек Қоянбаев.