Спикер сайлау науқанының ауқымдылығын және Орталық сайлау комиссиясының жұмысын атап өтіп, ЕҚЫҰ ДИАҚБ байқаушылары бүкіл ел бойынша жұмыс істеп жатқанына тоқталды.
— Бұл Казахстан үшін маңызды сайлау екені анық. Астанада үлкен белсенділікті байқадық, ал бұл Орталық сайлау комиссиясы үшін ауқымды жұмыс. Ел бойынша басқарылуы тиіс 10 000-нан астам сайлау учаскесі бар және біз осы процесті бақылауға тырысып жатырмыз. Біздің бақылау миссиямызда барлық облыс пен республикалық маңызы бар қалаларда орналасқан 200 сарапшы бар. Сонымен қатар, бізге қосымша 100-ге жуық парламентші қатысып жатыр. Осылайша, сайлаудың қалай өтіп жатқанын көру үшін бүкіл ел бойынша барлығы 300 сарапшы жұмыс істеп жатыр, — деді Винсент Пикет.
Миссия басшысы өз сөзінде байқаушылардың басты міндеті сайлау процесін және оның Қазақстан қабылдаған халықаралық міндеттемелерге сәйкестігін бағалау екенін баса айтты.
— Біз бұл жерде сайлауды бақылау үшін жүрміз. Міндетіміз сайлаудың Қазақстан 1992 жылы ЕҚЫҰ-ға мүше болған кезде өзіне алған міндеттемелеріне қаншалықты сай келетінін бақылау. Бұл біздің осы мақсатпен Қазақстанға 16-шы рет келіп жатырмыз. Біз жалпы процеске толықтай назар аударамыз, — деп толықтырды ол.
Оның айтуынша, байқаушылар сайлау процесінің барлық кезеңін заңнама мен институттардың жұмысынан бастап, партиялар мен сайлаушыларды тіркеуге, сондай-ақ сайлауалды науқанды қаржыландыру мен оны өткізу жағдайларына дейін бағалайды.
— Дауыс беру күні байқаушылар Астанадағы және еліміздің өзге өңірлеріндегі сайлау учаскелерінде процесті тікелей бақылайды. Әрине, бүгін біз дауыс беру барысын Астанада да, елдің басқа бөліктерінде де бақылап отырмыз. Бұл процестің қалай өтетіні біз үшін өте қызықты, — деп түйіндеді ол.
Айта кетейік, ҰҚШҰ байқаушылары сайлауды ұйымдастыру деңгейін жоғары бағалады.