Екінші дүниежүзілік соғыс: Псков облысынан құрамында қазақстандық болған ұшақтың қалдықтары табылды

ОРАЛ. KAZINFORM — Ресейдегі іздестіру жұмыстары нәтижесінде Псков облысының Невель ауданында Большой Иван көлінен Пе-2 ұшағының бөліктері мен адам сүйектерінің қалдықтары шығарылды.

Фото: Павел Чернов

Іздестіру тобының мүшесі, Мәскеу қаласында тұратын Павел Черновтың Kazinform тілшісіне мәлім еткеніндей, бұдан бір жыл бұрын маусым айында осы көлден ұшақтың бірқатар бөліктері, соның ішінде двигателі табылған болатын.

Ресей Қорғаныс министрлігінің Орталық архивінен алынған мәліметке қарағанда, мотор (№ 40-23) № 11-106 бортқа, бірақ қақпақ басқа ұшаққа (№ 14-106) тиесілі болып шықты. Сондықтан бірнеше жорамал туындап, көлде екі ұшақтың қалдықтары жатуы мүмкін екендігі айтылғандықтан, экспедицияны биыл қайта жалғастыру жөнінде шешім қабылданды. 

Фото: Павел Чернов

— Биыл маусымда жұмысты қайта жандандырған кезде мотордың ірі бөліктері табылды. Соның ішінде поршеньдегі 22-23 цифрлары сериялық нөмірі 11-106 Пе-2 ұшағына орнатылған мотордың нөміріне сәйкес келді. Осылайша, сериялық № 11-106, құйрығындағы № 5, № 40-23 және № 22-23 моторы бар Пе-2 ұшағының 202-жылдам қимылдайтын бомбалаушы авиация полкінің 3-эскадрильясы 1-звеносының құрамында болғаны анықталды. Бұл ұшақ 1943 жылғы 18 қаңтарда тапсырманы орындауға аттанып, содан әуежайға оралмаған. Орталық архив құжаттарына сәйкес оны жаудың истребительдері атып түсірген, — дейді Павел Чернов. 

Фото: Павел Чернов мұрағатынан

Оның айтуынша, бұған дейін экипаж хабарсыз кеткен делініп келді. Атап айтқанда, ұшқыш, аға сержант Павел Александрович Теплищев, 1917 жылы туған, Саратов облысының тумасы, Балашов әскери ұшқыштар мектебінің түлегі, атқыш-бомбалаушы, аға сержант Алексей Иванович Головлев, 1921 жылы туған, Калинин қалалық әскери комиссариатынан шақырылған, атқыш-радист, сержант Сергей Елисеевич Вилков, 1915 жылы туған, Қазақ КСР Алматы қалалық әскери комиссариатынан шақырылған. 

Жанып кеткен ұсақ сүйек қалдықтары сараптама жасау үшін Тергеу комитетіне берілді. Экипаждың анықталуына байланысты олардың тума-туысқандары іздестіріліп жатыр. 
Ұшқыш Павел Теплищевтің жақын-жуықтары Саратов облысынан табылды, оның суреті де сақталған.

— Экипаж мүшесі Сергей Вилков Батыс Қазақстан облысы Шыңғырлау ауданы Отрадное ауылында дүниеге келген. Әкесі Елисей Семенович Вилков Алматы қаласында тұрған, мекенжайы ретінде 14 линия, 36-үй көрсетілген. Сондықтан Сергей Вилковтың туыстары да табылып қала ма деп үміттенеміз, — дейді Павел Чернов. 

Фото: Павел Чернов

Ресей Қорғаныс министрлігі Орталық архивінің деректеріне сәйкес Калинин (қазір Тверь) облысы Кувшинов ауданы Большое Ильино деревнясы маңында орналасқан әуежайдан 1943 жылы 18 қаңтар күні барлығы тоғыз ұшақ ұшып шыққан. Оларға жау әскерін бомбалау жүктелген. Осы тапсырмадан 6 ұшақ оралмаған. 

Германияда сақталған құжаттарға қарағанда, сол күні Опухлики станциясы тұсында үш ұшақ негізгі топтан бөлініп, фашистердің зениттік артиллериясының атқылау аймағына кірген. Кейін соның екеуін неміс бақылаушылары Большой Иван көлінің солтүстік бөлігі үстінде жоғалтып алған. 

Фото: Павел Чернов

Павел Черновтың айтуынша, 14-106 нөмірі бар қақпақ неміс бақылаушылары көрсеткен екінші ұшаққа тиесілі болуы әбден ықтимал. Мұның экипажы: ұшқыш, аға сержант Виктор Викторович Чиров, ұшқыш-бомбалаушы, лейтенант Владимир Трофимович Гаевский (екеуі де хабарсыз кеткен), атқыш-радист, сержант Федор Иванович Михеев (тірі қалған, айып батальонында шайқасқан, қатардағы жауынгер, соғысты Берлинде аяқтаған). 

Ал Сергей Вилков туралы мәлімет Батыс Қазақстан облысында да іздестіріліп жатыр. 
Шыңғырлау ауданы әкімдігінің хабарлауынша, С. Вилковтың туған жері — Отрадное ауылы бұрын Лубен (қазір Ақшат) ауылдық округінің құрамында болған. Күні бүгін мұндай елді мекен жоқ.

Фото: Павел Чернов

Еске сала кетейік, бұдан бұрын өлкетанушының Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде БҚО ауданында 200-ден астам сарбаз бен офицердің қаза тапқаны жөнінде айтқанын жазған едік.