Экологиялық талапты ескермеген Павлодар электролиз зауытына айыппұл салынды

ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Кәсіпорын осы уақытқа дейін шығарындыларды мониторингтеу жүйесінің ұлттық деректер базасына қосылмай келген. Сондай-ақ шаң шығарындыларының нормативтерінен асып кету деректері тіркелген.

Фото: Рixabay.com

Павлодар облысы бойынша экология департаменті «Қазақстан электролиз зауыты» АҚ-қа қатысты жоспарлы тексеру жүргізген.

- Тексеру барысында өндіріс орнында бірқатар заң бұзушылық тіркелді. Ең әуелі зауыт шығарындыларды мониторингтеу жүйесінің ұлттық деректер базасына қосылмағаны анықталды. Зауытта аспирациялық жүйелерді жаңғырту жөніндегі іс-шаралар орындалмаған, шаң шығарындыларының нормативтері бойынша асып кету деректері белгілі болды, - деп хабарлады департаменттен.

Бұған қоса кәсіпорында 2024–2025 жылдар бойынша өндірістік экологиялық бақылау есептерінде шындыққа жанаспайтын деректердің беті ашылған.

Тексеру қорытындысы бойынша кәсіпорынға анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқама беріліп, 7,3 млн теңге сомаға айыппұл салынды.

Еске сала кетейік, ауаны шектен тыс ластаған екібастұздық ЖЭО қомақты айыппұл арқалады.