Экологтар Ақтөбе облысындағы Бор тауы аймағынан мұнай іздеуге рұқсат берді

Байғанин ауданындағы Ақтолағай тау жотасынан 11 шақырым қашықтықтан «Батыс Прекаспий» компаниясы мұнай барлау жұмыстарын жүргізеді. Бұған экологтар рұқсат берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат Диапазонға сілтеме жасап.

Фото: Диапазон

Ақтолағай – Байғанин ауданындағы тау сілемі. Мұнда жел мен уақыттың әсерінен пайда болған мүсіндер көп болғандықтан, аймақты ашық аспан астындағы мұражай деп атайды.

"Рұқсат беру кезінде Ақтолағай аумағы бақылауда болады. Ақтолағай шекарасынан қосымша 11 шақырым қашықтықтан мұнайға барлау жүргізіледі. Жұмыс барысында жарылыс емес, діріл әдісі қолданылмақ. Ашық аспан астындағы мұражайға ешқандай залалы тимейді деп сенеміз. Жер асты сулары әсер етпейді. Егер қандай да бір залалы тиетін болса, құзырлы органдар кез келген жағдайда араласады», - деп түсіндірді Ақтөбе облыстық табиғатты қорғау басқармасы басшысының орынбасары Талап Уснадин.

2006 жылы Ақтолағай республикалық маңызы бар табиғи-қорық қоры объектілерінің тізіміне енді. Оның шекарасы да, төлқұжаты да жоқ. Олар бұл мәселені алдағы уақытта қарастырады.