Экономикалық шоғырлануға келісім беру қызметі онлайн көрсетіледі - Агенттік

АСТАНА. ҚазАқпарат – Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ-мен бірлесіп, «Экономикалық шоғырлануға келісім беру өтініштерін қарау» мемлекеттік қызметін цифрландырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Агенттіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Аталған мемлекеттік қызметті алуды жеңілдету үшін «Е-лицензиялау» мемлекеттік деректер базасы» ақпараттық жүйесінің ішкі порталы құрылды. Онда өтініш берушілер қызмет көрсету туралы өтінішпен жүгініп, қажетті құжаттарды онлайн форматта ұсына алады.

Өтінішті алғаннан кейін БҚДА мәмілені Кәсіпкерлік Кодексінің нормалары аясында қарайды. Мемлекеттік қызмет көрсету нәтижесі сол «Е-лицензиялау» порталында ұсынылады.

Бұл жұмысты Агенттік төрағасы бұйрығының жобасы шеңберінде құқықтық актілер туралы заңнамаға сәйкес мемлекеттік қызмет көрсету қағидалары деңгейінде бекіту жоспарда бар. Онда құжаттарды портал арқылы беру міндетті шарт болады.

Агенттіктің 2023 жылға арналған жұмыс жоспарына сәйкес, келесі кезеңдерде қызмет алушы толтыратын мәліметтерді жинауды ішінара автоматтандыру жоспарланған. Олар қызметке жүгінуші ұсынатын мәліметтер тізбесінің дұрыстығын растау және қысқарту үшін қажет. Атап айтқанда, жеке тұлғалар (ЖСН, құжат нөмірі және т.б.) және заңды тұлғалар (БСН, ЭҚЖЖ және т. б.) туралы мәліметтерді алу автоматтандырылмақ.

Онлайн өтінішті осы сілтеме арқылы беруге болады. Анықтама нөмірлері: 8 71 72 749617; 743713.