Экс-дипломат Сәкен Мамаш 6 жылға сотталды

Фото: t.me/yyedilov

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының үкімімен экс-дипломат Сәкен Мамаш 6  жылға бас бостандығынан айырылды.

- Қылмыстық-процестік кодекстің 387–390, 393, 395–398, 401–402-і баптарын басшылыққа ала отырып, сот Мамаш Сәкен Тәшкенбайұлын Қылмыстық кодекстің 110-бабы 2-бөлігі 1) тармағында көзделген қылмыс жасағаны үшін кінәлі деп танып, оған 6 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады, - деген үкім шығарды судья Артур Абдыханов.

Экс-дипломат жазасын қауіпсіздігі орташа мекемеде өтейді.

Еске сала кетсек, былтыр мамырда Қазақстанның БАӘ-дегі елшіліктің кеңесшісі Сәкен Мамаш әйеліне үнемі күш көрсеткені, тіпті жұбайының әпкесіне де қол көтергені туралы хабарлаған едік.

Артынша әйелін ұрды деп айыпталған қазақстандық дипломатқа қылмыстық іс қозғалды. 

Сондай-ақ елші кеңесшісінің әйелі Карина Мамаш дағдарыс орталығына орналастырылды. 

Кейін әйелін ұрған экс-дипломатқа қатысты тағы бір қылмыстық іс қозғалды. 

Биыл 21 мамырда әйелін үнемі ұрып келген экс-дипломат Сәкен Мамаштың ісі сотқа жіберілді.

Ал 10 маусымда Астанада экс-дипломат Сәкен Мамашқа қатысты сот отырысы басталды.

Айта кетейік, экс-дипломат Сәкен Мамашқа қатысты сот отырысы жабық өтті.