Экспорт, энергетика, әріптестік: Қазақстан мен Әзербайжан серіктестігі артып келеді
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы екіжақты тауар айналымының оң серпініне қарамастан, бірқатар салада іске аспаған зор әлеует сақталып отыр.
Бұл туралы ADA университеті жанындағы Даму және дипломатия институты (IDD) мен «Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) бірлесіп әзірлеген «Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы экономикалық ынтымақтастықты нығайту» атты баяндамада көрсетілген.
— Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы кеңейіп келе жатқан экономикалық әріптестік стратегиялық қарым-қатынастар мен тереңдеп келе жатқан одақтастық байланыстарға негізделген. Бұл бағыт екі ел көшбасшыларымен толық қолдау тауып отыр, — делінген құжатта.
Сарапшылардың айтуынша, қос мемлекет Жібек жолының негізгі тораптық елдері ретінде өңірлік және трансөңірлік байланысты нығайтуға бағытталып, келісілген геоэкономикалық стратегия жүргізіп жатыр.
Сонымен қатар баяндамада екіжақты тауар айналымының оң серпініне қарамастан, көмірсутек және жаңғыртылған энергетика, көлік және логистика, қаржы қызметтері, телекоммуникациялар мен аграрлық азық-түлік саудасы сияқты салаларда әлі де айтарлықтай іске аспаған әлеует сақталғаны көрсетілген.
Сарапшылар инфрақұрылымға инвестиция салуды жалғастыруды ұсынады.
— Орта дәлізді дамыту және Каспий теңізі арқылы суасты талшықты-оптикалық байланыс желісін тарту Қазақстан мен Әзербайжанның Еуропа мен Азия арасындағы негізгі транзиттік хаб ретінде одан әрі нығайтады, — делінген баяндамада.
Сондай-ақ сарапшылар «жасыл энергетика» мен ауыл шаруашылығы саласындағы сауданы кеңейтуді ұсынады.
— Қазақстан мұнайын Әзербайжан аумағы арқылы экспорттау көлемін арттыру, жаңғыртылған электр энергиясын тасымалдау жобаларын іске қосу, ауыл шаруашылығы өнімдерімен сауданың тиімділігін арттыру мен қаржылық өзара әрекеттестікті тереңдету ұзақ мерзімді перспективада орнықты экономикалық модель қалыптастыруға ықпал етеді, — дейді мамандар.
Бұған дейін, Түркі мемлекеттердің Парламенттік Ассамблеясының пленарлық отырысында Әзербайжан Республикасы Милли Меджлисінің төрайымы Сагиба Гафарова ТүркПА-ға мүше елдерді энергия көздерінің тасымалдау аласында бірлесіп әрекет етуге шақырғанын жазғанбыз.
Сондай-ақ биыл Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы стратегиялық әріптестік пен одақтастық қатынастар туралы шартқа 20 жыл толғанын хабарлаған едік.