- Аталған заң жобалары топырақты қорғау саласында жүйелі мемлекеттік саясат қалыптастыруға, оны тиімді пайдалануға, құнарлылығын сақтауға және тозудан қорғауға бағытталған. Қолда бар деректерге сәйкес, Қазақстан аумағының 75 пайыздан астам жері әртүрлі деңгейде деградацияға ұшыраған. Бұл көрсеткіштер мәселенің тек экологиялық сипатта ғана емес, елдің экономикалық дамуы мен ұлттық қауіпсіздігінің негіздеріне әсер ететін жүйелі қауіп екенін көрсетеді, - деді депутат.
Оның айтуынша, бүгінде Жер және Экологиялық кодекстердің қолданыстағы нормалары жүйелі көзқарасты қамтамасыз етпейді. Біртұтас тетік ретінде жұмыс істемейді.
- Заң жобасында «топырақ» түсінігі реттеудің жеке объектісі ретінде қарастырылған. Бұл ретте оны сақтаудың бірыңғай ережелері, деградациядан қорғаудың тиімді тетігі әзірленіп жатыр. Топырақ - жердің бір бөлігі ғана емес, күрделі биологиялық жүйе және тұтастай алғанда бүкіл экожүйенің негізі; оның жағдайы климатқа, су және биоресурстарына тікелей байланысты. Ғылымның рөлі де ескеріледі. Өйткені ғылыми зерттеулер топырақта болып жатқан процестерді тереңірек түсінуге мүмкіндік береді. Заң жобаларының аясында эрозия, сортаңдану, сарқылу, тығыздану сияқты топырақтың деградация процестерінің алдын алу және болдырмау шаралары анықталады. Топырақ жағдайының жерді қашықтан бақылау және жасанды интеллект технологиясының мәліметтерін пайдалана отырып кешенді мониторинг жүйесін енгізіледі, - деді ол.
Айта кетейік, палатаның бүгінгі жалпы отырысында топырақты қорғау, жол қауіпсіздігін цифрландыру, аңшылық саласын реттеу, жануарлар дүниесін сақтау мәселелеріне қатысты заң жобалары талқыға салынады.