Ел чемпионаты: Тобыл Ордабасын ойсырата ұтты

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Футболдан Қазақстан чемпионатының 17-туры Қостанайда «Тобыл» - «Ордабасы» матчымен түйінделді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қос команда жүлделі орындардан үміткер болғандықтан, жанкүйерлер ойын тартысты болар деп ойлаған.

Алайда алаң иелері өздерінің басымдығын айқын көрсете білді. Алдымен 16-минутта «Тобыл» сапындағы сербиялық легионер Зоран Тошич мергендік танытты. Содан кейін оның отандасы Милан Вукадинович 33-минутта есепті 2:0-ге жеткізді.

Екінші таймда Серікжан Мужиков 69-минутта тағы бір голдың авторы атанды. Айбар Жақсылықов 73-минутта қақпаға допты әдемі бағыттады – 4:0.

Осылайша, «Ордабасыны» ойсырата ұтқан «Тобыл» 29 ұпаймен үшінші орынға көтерілді. Шымкенттіктер (26 ұпай) бесінші орынға сырғыды.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын ел чемпионатында «Атырауды» ұтқан «Ақжайықтың» оныншы орынға көтерілгенін жазған болатынбыз.

Сондай-ақ «Ақтөбе» турнир кестесіндегі позициясын жақсартты .

Қазақстан чемпионатында «Қызылжар» «Тұранды» тізе бүктірді .

Қазақстан чемпионатында «Астана» «Таразбен» тең ойнап, «Ақтөбені» ұзатып алды .