Ел чемпионатында «Атырауды» ұтқан «Ақжайық» оныншы орынға көтерілді

None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Футболдан Қазақстан чемпионатының 17-турында Оралдың «Ақжайығы» өз алаңында «Атырауды» қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұған дейін атыраулықтар 22 ұпаймен жетінші орында болса, оралдықтар 13-сатыда еді.

Бірінші айналымда Атырауда Оралхан Өміртаев жеңіс голын соғып, «Ақжайық» ұтып кеткен еді.

Бұл жолы 8-минутта атыраулық қақпашы мен қорғаушының қателігінен соң ресейлік Артур Газданов есеп ашты.

20-минутта «Ақжайықтың» сұрмергені, грузиялық шабуылшы Тома Табатадзе есепті 2:0-ге жеткізді.

34-минутта айып добы орындалғаннан кейін «Атырау» сапындағы поляк ойыншысы Петр Гжельчак қақпаны дәл көздеді.

Дегенмен бірінші тайм соңында Т.Табатадзе 11 метрлік нүктеден мүлт кеткен жоқ - 3:1.

Екінші таймда 68-минутта «Ақжайық» капитаны, ресейлік қорғаушы Сергей Шустиков өз қақпасына гол соғып алды.

Әйтсе де арада 10 минут өткенде Оралхан Өміртаев матчтың нүктесін қойды - 4:2.

Осылайша, қатарынан екі жеңіске қол жеткізген «Ақжайық» 18 ұпаймен турнир кестесінде оныншы орынға көтерілді.

Келесі турда 4 қыркүйекте «Атырау» «Каспийді» қабылдаса, бір күннен кейін оралдықтар елордада «Астанамен» ойнайды.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Қазақстан чемпионатында «Ақжайықтың» «Каспийді» 2:0 есебімен жеңгенін жазған болатынбыз



Суреттерді түсірген Айбатыр Нұраш