Ел экспортын арттыру: шет елдерде сауда үйі, павильон, кеңсе мен қоймалар салынып жатыр
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан өз экспорттаушыларын қолдау үшін шет елдерде сауда нүктелерін ашып жатыр. Бұл туралы «QazTrade» Сауда саясатын дамыту орталығы» АҚ бас директоры Айтмұхаммед Алдажаров айтты.
— Біздің ортақ мақсатымыз — экспортты экономикалық өсімнің, өнеркәсіптік трансформацияның және елдің жаһандық деңгейдегі позициясын күшейтудегі негізгі қозғаушы күшіне айналдыру. Бұл үшін жекелеген көмек көрсету аздық етеді, сараптауға, технологияға және нәтижеге бағытталған жүйелі модель қажет. QazTrade дәл осындай үлгіні қалыптастырып жатыр. Біз бөлек-бөлек шешімдерден бірыңғай экспортты қолдау экожүйесіне, яғни икемді, цифрлық және стратегиялық жүйеге өтіп жатырмыз, — деді ол Қазақстан экспорттаушылар форумында.
Сондай-ақ спикер Қазақстан бүгінде Қытай, Өзбекстан, БАӘ, Иран және басқа да елдерде сауда үйлері, павильондар, кеңселер мен қоймалар желісін дамытып жатқанын атап өтті.
Одан бөлек Сиань, Чунцин, Кабул қалаларында сауда үйлері салынғанын, Термез, Дубай, Будапеште павильондар ашылғанын, Үрімшіде логистикалық хаб ашылғанын және жақын арада мұндай нысан Бендер-Аббас (Иран) портында да ашылатынын айтты.
— Шетелде нақты өз нүктең болмаса — тұрақты сұраныс та, брендтің танымалдығы да болмайды. Біз сыртқы сауда инфрақұрылымын дамытып келеміз. Бұл нысандар жай ғана көрме алаңдары емес, нақты сауда алаңдары. Мұнда B2B кездесулер өтеді, деректер жиналады, дистрибуция жолға қойылады. Біз нақты сұраныс бар жерге барып, сол нарықтарға өз өндірушілерімізді алып келеміз, — деді Айтмұхаммед Алдажаров.
Айта кетейік, өткен жылы Қазақстанның экспорт көлемі 80 млрд доллардан асты.