Қай өңірлерде вакансия көп?
Министрліктің мәліметінше, соңғы үш жылда мұғалім тапшылығы шамамен екі есеге азайған. Дегенмен жаңа оқу жылы басталған тұста мектептерде әлі де мыңдаған бос орын бар.
Мемлекеттік мектептерде жалпы 5 357 лауазым бос. Оның 51,9%-ы қалаларда, ал 2 575-і немесе 48,1%-ы ауылдық жерлерде орналасқан.
Педагогтерге сұраныс ең жоғары өңірлер қатарында Алматы облысы — 516, Қарағанды облысы — 516 және Алматы қаласы — 421 вакансиямен тұр.
Пәндер бойынша математика, бастауыш сынып, орыс тілі мен әдебиеті, физика және химия мұғалімдеріне сұраныс жоғары.
— Қазір 2026–2027 оқу жылына білім беру ұйымдарына педагогтерді жасақтау жұмысы жалғасып жатыр. Бос лауазымдарға үшін конкурстар өткізіліп жатыр, — деп хабарлады министрлік.
Мұғалімдердің жалақысы екі есеге өсті
Педагогтердің санын көбейтіп, жас мамандарды тарту үшін соңғы жылдары олардың еңбекақысы да айтарлықтай өсті.
Министрліктің мәліметінше, соңғы бес жылда педагогтердің жалақысы 100%-ға, яғни екі есеге артқан. Қазір 500 мыңнан астам педагогке біліктілік санаты, еңбек өтілі және ғылыми дәрежесі үшін тұрақты қосымша ақы төленеді.
2023 жылдан бастап халықаралық олимпиадалар, конкурстар мен спорттық жарыстарда жеңімпаз және жүлдегер атанған оқушыларды дайындаған мұғалімдерге үш жалақыға тең біржолғы сыйақы беріледі.
Сондай-ақ 103 мұғалім «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» құрметті атағына ие болды. 800-ден астам педагог «Үздік педагог» байқауының жеңімпазы атанды. Бұл атаққа ие болғандарға 1000 АЕК көлемінде ақшалай сыйақы төленеді.
2023–2026 жылдары «Білім берудегі 1000 өзгеріс көшбасшысы» жобасы аясында 983 педагог кадрлық резервке енгізілді. Ал бес мұғалімге елдің ең жоғары мемлекеттік наградасы — «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы берілді.
— Сонымен қатар педагогтердің кәсіби біліктілігін арттыру жұмыстары да жалғасып жатыр. Осы мақсатта 91 мыңнан астам мұғалім біліктілікті арттыру курстарынан өтті, — делінген министрліктің мәлімдемесінде.
Жас мамандарға басымдық беріліп жатыр
Жас мамандарды жұмысқа орналастыруға да ерекше көңіл бөлініп отыр. 2026 жылы мемлекеттік мектептерге 5 741 жас маманды жұмысқа орналастыру жоспарланған. Бұл — мемлекеттік мектептерге қабылданатын жалпы мұғалім санының 50,2%-на тең.
Мұғалімдердің бос орындары мен жұмыспен қамтылуы Ұлттық білім беру дерекқорының «Мұғалімдерді жұмысқа алу» модулі арқылы күн сайын бақыланады.
Жоғары оқу орнын үздік бітірген түлектер үшін жұмысқа орналасу тәртібі де жеңілдетілген.
— Мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша жоғары немесе жоғары оқу орнынан кейінгі білім алған, GPA көрсеткіші 3,33-тен төмен емес және сертификаттаудан өткенін растайтын құжаты бар түлектерді жұмысқа конкурссыз қабылдауға мүмкіндік берілген, — деп хабарлады ведомоство.
Сонымен қатар ауылдық жерлерге жұмысқа баратындар үшін «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бар. Оның аясында көшу үшін жәрдемақы және тұрғын үй сатып несие беріледі.
Сонымен бірге педагогтерді даярлау үшін нысаналы мемлекеттік білім беру тапсырысы да жүзеге асырылып жатыр. Өңірлер жоғары оқу орындарымен және техникалық әрі кәсіптік білім беру ұйымдарымен түлектерді жұмысқа орналастыру бойынша бірлесіп жұмыс істейді.
Министрліктің мәліметінше, қабылданған шаралардың нәтижесінде 2023–2025 жылдары педагог кадрларға деген қажеттілік 45,8%-ға қысқарған.
Еске салсақ, Қасым-Жомарт Тоқаев бір топ мұғалімді мемлекеттік наградамен марапаттаған еді.