Ел өңірлерінде жылу және сумен қамтамасыз ету тарифтері өзгере ме

АСТАНА.KAZINFORM – Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Астанада жылумен және сумен қамтамасыз ету саласындағы тарифтердің өсуіне қатысты түсінік берді.

Фото: ҚР Бас прокуратура

Оның айтуынша, елордада жылумен қамтамасыз ету тарифтері орта есеппен шамамен 15 пайызға, ал сумен жабдықтау және су бұру қызметтері 20-25 пайызға өскен.

— Бізде тарифтерді көтерудің нақты жүйесі бар. Мораторий жарияланған үш айды пайдаланып, есеп-қисап жүргізіп, өсімді кезең-кезеңімен бөлдік, - деді Жұманғарин.

Ол Астанада толық тариф енгізілгенін атап өтті. Осындай тәсіл Ақмола облысы мен Ұлытау облысында қолданылады. Алдағы уақытта еліміздің басқа өңірлерінде де тарифтерді біртіндеп көтеру жоспарланған..

Бұдан бұрын хабарланғандай, Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Қазақстанда ең төменгі жалақыны 150 мың теңгеге дейін жеткізу мәселесіне түсінік берді.