Ең төменгі жалақыны көтеру: Үкіметте көрсеткіштер пысықталып жатыр

АСТАНА.KAZINFORM – Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Қазақстанда ең төменгі жалақыны 150 мың теңгеге дейін жеткізу мәселесіне түсінік берді.

үкімет
Фото: Үкімет

Ол бүгін Үкіметте өткен баспасөз мәслихатында аталған бастама қазір пысықталып жатқанын айтты. Ең төменгі жалақыны айқындау кезінде бірқатар экономикалық фактор, соның ішінде еңбек өнімділігі мен медианды жалақы деңгейі ескеріледі.

С. Жұманғариннің сөзіне қарағанда, ең төменгі жалақыны көтеру туралы түпкілікті шешім мемлекеттік бюджеттің мүмкіндігіне байланысты қабылданады.

— Ең төменгі жалақыны қай деңгейге көтеретініміз немесе оны көтеру мүмкіндігі бюджет мүмкіндігіне қарай ескеріледі, -деді Үкімет басшысының орынбасары.

Сондықтан Үкіметте ең төменгі жалақының өсуі мүмкіндігінің параметрлеріне талдау жасау жалғасап жатыр.

Еске салсақ, жақында Ұлттық экономика министрінің бірінші орынбасары Азамат Әмрин Үкіметтің алдында ең төменгі жалақыны 150 мың теңгеге дейін көтеру міндеті тұрғанын айтқан болатын.

Сонымен қатар Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев ең төменгі жалақыны 150 мың теңгеге дейін көтеру жоспарына қатысты пікір білдірді.