Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы аясында Қызылорда облысында ірі көлемді 47 шара өтеді

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат-Облыстық басқармалар ішінде былайғы уақытта көзге көріне бермегенімен үнемі қарбалас тіршілігі қайнап жататын құрылым- облыстық ішкі саясат басқармасы. Аймақтағы барлық саланың ісіне белсене араласып, қоғамдық-саяси тұрақтылықты қамтамасыз ету жүгі де басқарманың негізгі міндеттерінің бірі. Толайым табыстарға толы биылғы жылдың 9 айында облыстық ішкі саясат басқармасы тарапынан атқарылған істер туралы ҚазАқпарат басқармаға сілтеме жасай отырып хабарлады.

Бүгінгі күні облыстың медиа кеңістігінде 82 бұқаралық ақпарат құралы тіркеліп, жұмыс жасауда. Олардың 4-еуі электронды, 3-еуі ақпараттық агенттік, 75-баспа БАҚ. Үстіміздегі жылы есепті кезеңде аймақта жұмыс жасайтын БАҚ-тың тақырыптық бағыттарына жасалған талдау олардың 27% қоғамдық-саяси, 25% ақпараттық және ақпараттық-танымдық, 48% өзге де тақырыптық бағыттарда жазатындығын көрсетті. Интернет желісінде 7 баспа БАҚ-тың өз сайттары бар (облыстық «Сыр бойы», «Кызылординские вести», «Ақмешіт жастары», «Ұстаз мәртебесі», тәуелсіз «Ақмешіт ақшамы», «Халық» газеттері және «Әлімсақ» журналы). 

Соңғы жылдары ақпарат құралдарымен жұмыс жасауға облыстық бюджеттен бөлінген қаржы көлемі едәуір артып отыр. Өткен 2015 жылы осы мақсатқа 636 364,0 мың теңге көлемінде қаржы қарастырылып, мемлекеттік ақпараттық саясат қолдауға бөлінген мемлекеттік тапсырыс көлемі 3 жылда 3 есеге дейін өсті. Биылғы жылы мемлекеттік ақпараттық саясатты жүзеге асыруға 621 700,0 мың теңге бөлінді. Сондай-ақ, соңғы жылдары Қызылорда облысында тіркелген интернет порталдың саны артты. Атап айтқанда, «Kyzylorda-news», «Infotime.kz», «Сейхун-инфо.кз», «КИА AlashInform», «KazVesti» сайттары жұмыс жасайды. Ерекше айта кететін жайт, облыстық медиа-холдинг «Сыр медиа» құрамына аудандық басылымдардың сайттарын біріктірген кешенді интернет-портал ашты https://syr-media.kz. 2016 жылдың ақпан айынан бастап облыстық ішкі саясат басқармасы жанынан дербес өңірлік коммуникациялар қызметі заңды тұлға ретінде өз жұмысын жасап келеді. Есепті мерзімде қала, аудан әкімдерінің және аумақтық департамент, басқарма басшыларының қатысуымен 83 брифинг, облыстық «Қазақстан-Қызылорда» телеарнасының «Өзекжарды» бағдарламасынан 40 сұхбат ұйымдастырылды. 2017 жылға қарай облыс тұрғындарының 95%, яғни, 138 275 абонентті ұлттық цифрлық телехабар тарату қызметімен қамту жоспарланған. «Қазтелерадио» АҚ мәліметі бойынша, бүгінгі күні облыс бойынша 105 172 абонент ұлттық цифрлық телехабар тарату қызметіне қосылған. Бұл 76%-ға тең.

Мемлекет басшысының өткен жылғы 30 қарашадағы «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру барысын ақпараттық сүйемелдеу мақсатында облыс әкімінің 2015 жылы 31 желтоқсандағы №167-ө өкімімен 112 адамнан жасақталған 8 облыстық ақпараттық топ құрылды. Аталған топ құрамына мемлекеттік органдардың басшылары, облыстық мәслихат депутаттары, оқытушы ғалымдар, үкіметтік емес ұйымдар, этномәдени орталықтар мен БАҚ өкілдері енгізілді. Ақпараттық жұмыстың 1-кезеңі 2016 жылғы 14 қаңтар 17 ақпан аралығында барлық деңгейдегі әкімдердің есептік кездесулеріне орайластырылып жүргізілді. Жалпы облыс бойынша барлығы 151 есепті кездесулер өткізіліп, оған 24 011 тұрғын қатысты.

Жер реформасының негізгі ережелерін түсіндіру мақсатында ақпараттық топтың келесі легі ұйымдастырылып, арнайы желілік кесте жасақталды. Нәтижесінде 298 кездесу ұйымдастырылып, 15 мыңға жуық адам қамтылды. БАҚ арқылы ақпараттандыру жұмыстарының жүргізілу нәтижесінде, 292 сюжет, 3 брифинг, 373 мақала, тікелей эфирде 2 бағдарлама көрсетіліп, тұрғындар жер мәселесімен қатар (жеке жер алу мәселесімен қоса), өздерінің өзге де толғандырып жүрген әлеуметтік, экономикалық және саяси сұрақтарына жауаптарын алды.

Қазақстанның кей аймақтарында дін мәселесінде түрлі толқулардың орын алғаны белгілі. Ал, Қызылорда облысындағы діни ахуал тұрақты сипатта. Бүгінде облыста 172 діни ұйым қызмет атқарады. Олардың 12 жергілікті діни бірлестік, 160 филиал ретінде есептік тіркеуден өткен. Өңірдегі діни ахуалдың тұрақтылығын арттыру, тұрғындардың діни сауатын жетілдіру, дәстүрлі емес діни ағымдарды ұстанушылармен жұмыс жүргізу мақсатында, 2016 жылғы 9 айда облыс көлемінде дәстүрлі емес ұстанымдағылармен 318, жастар арасында 240, мемлекеттік қызметкерлермен 108, тұрғындармен 189, бюджеттік қызметкерлермен 127, құқық қорғау органдарымен 89, жазасын өтеушілермен 34, діндарлармен 38, денсаулық сақтау саласының мамандарымен 10, түрлі сала өкілдерімен 11, АТТ өкілдерімен 8, жеке сектор 15 кездесу өткізіліп, барлығы 1087 шараға 53 853 адам қатысты. Сонымен қатар, облыстағы мұнай компанияларындағы қызметкерлер мен жұмысшыларға түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.

Облыстағы діни ахуалды тұрақты сақтау және оны арттыру мақсатында 2016 жылдың екінші жарты жылдығында 70 млн. теңгеден астам қаржы бөлінді. Аталған бағытта 6 жоба жүзеге асырылуда. Есепті кезеңде БАҚ-да діни тақырыпта жалпы 593 материалдар жарық көрді, оның ішінде:- теледидар арқылы - 209, газет-журнал басылымдарында - 384 материал.

Мемлекеттік тіл саясатын іске асырудың бағыт-бағдары Елбасының Жарлығымен бекітілген Тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына сай жүргізіліп келеді. Биылғы жылы мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыруға облыстық бюджеттен 17,7 млн. теңге қаржы бөлінсе, оның ішінде мемлекеттік қызметшілерге және облыстық бюджеттен қаржыландырылатын мекеме қызметкерлеріне мемлекеттік тілді оқытуға 8,7 млн. теңге, ағылшын тілін оқытуға 2,7 млн. теңге қаржы қаралды.

Атап айтқанда, Халықаралық ана тілі күніне орай «Тілдерді үйренудің маңызды мәселелері» атты дөңгелек үстел отырысы, Тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына енгізілген өзгерістерді түсіндіру ақсатында «Мемлекеттік тіл саясаты: басым бағыттар мен міндеттер» атты облыстық семинар-кеңес, үш тілді - қазақ, орыс және ағылшын тілдерін жетік меңгерген мемлекеттік қызметшілерді анықтап, қолдау мақсатында «Тіл шебері -2016» облыстық байқауы, тіл мәдениетін көтеру, көркем әдебиетті насихаттауды жандандыру мақсатында Көркемсөз оқу шеберлерінің Оралхан Бөкей атындағы облыстық байқауы, қазақ тілінде оқитын жастардың арасында орыс тілі білгірлерінің «Ой - сана», этнос жастары арасында «Абай оқулары», баспа және электронды бұқаралық ақпарат құралдарының арасында «Мемлекеттік тіл және БАҚ», мемлекеттік және бюджеттік сала қызметшілеріне мемлекеттік тілді оқытып жүрген педагогтардің арасында «Тіл мерейі» облыстық байқаулары өткізілді.
Мамыр айында Петропавл қаласында өткен «Тіл - татулық тірегі» атты республикалық форумға мемлекеттік тілді еркін меңгерген түрлі салада еңбек етіп жүрген үш этнос өкілінің және де Өскемен қаласында өткен «Түркі жазбалары мен мәдениеті күндері» республикалық жиынға Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дың филолог-ғалымдарының қатысуы ұйымдастырылды. Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дың «Интеллект» тобы М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінде жоғары оқу орындарының арасында өткен «Тілдердің үштұғырлығы - заман талабы» атты өңіраралық байқауға қатысып жүлделі 1-орынды жеңіп алса, тіл мерекесі қарсаңында Астана қаласында өткен этнос жастары арасындағы «Абай оқулары» республикалық байқауында облыстық байқаудың жеңімпазы, Қазанғап атындағы Қызылорда музыкалық колледжінің 3-курс студенті Р. Рызманов жүлделі 2-орынды иеленді.

Қазақстан халқы тілдерінің күні мерекесін атап өтудің облыстық іс-шаралар жоспары бекітіліп, «Оқиғалар қатары» қалыптастырылды. Аталған іс-шаралар жоспарына сәйкес, 2016 жылғы 6 қыркүйекте мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру, қолданыс аясын кеңейту, балалардың мемлекеттік тілге деген құрметін арттыру мақсатында Қызылорда қаласындағы отбасы үлгісіндегі «Атамекен» балалар ауылында «Тілді сүю - талбесіктен» акциясы өткізілді.

Акция барысында балалар ауылындағы 8 үйге «Даналық әліппесі» - электрондық оқулығының жинақтары, оқу-әдістемелік құралдары, сонымен бірге, бүлдіршіндердің танымын, ой-өрісін кеңейтуге арналған түрлі қазақ ертегілерінің кітап және аудио жинақтары мен үш тілдегі аңыз кітаптары, барлығы 92 әдістемелік оқу құралы тарту етілді. 16 қыркүйек күні үш тілде білім беруді насихаттау, өскелең ұрпақты көп тілді меңгерген, бәсекеге қабілетті тұлға етіп тәрбиелеу, үш тілдің маңыздылығын түсіндіру мақсатында облысымыздағы білім беру ұйымы басшыларының, қазақ, орыс, ағылшын тілдерінің пән мұғалімдерінің, тіл жанашырларының, филолог-ғалымдар мен тілдерді оқыту орталығы қызметкерлерінің қатысуымен «Үш тілді білу - заман талабы» атты облыстық дөңгелек үстел отырысы өткізілді.

Мемлекеттік тілді және үш тілде білім беруді насихаттау бағытында өткізіліп жатқан іс-шаралар және де қазақ, орыс, ағылшын тілдерін білудің арқасында жетістіктерге жеткен ауыл өкілдері туралы облыстық, қалалық, аудандық басылымдарда және танымал kyzylorda-news.kz, alashinform.kz, tagilim.kz, www.tilortalyk.kz сайттарында 50-ден аса мақала, тіл мәселесіне қатысты 207 мақала жарияланды. Мемлекеттік тілдің қолдану мәртебесін арттыру және үш тілде білім беруді насихаттау бағытында аймақтағы ауқымды шараларға орай арнайы шығарылымдар көрсетіліп, облыстық «Қазақстан-Қызылорда», тәуелсіз «Қоғам ТВ» телеарналарынан «Жаңа күн», «Ақиқат алаңы», «Өмірдің өзі», «Рауан», «Мезгіл мәселесі», «Аптаның алты ауызы» бағдарламаларында және «Жаңалықтар» топтамасында барлығы 81 сюжет көрсетілді. Мекемелерде мемлекеттік тіл саясатының жүргізілуін қамтамасыз ету, мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту мақсатында 1 қоғамдық ұйымға, 3 мекемеге, 4 үкіметтік емес ұйымға, 9 балабақша мен отбасы үлгісіндегі 8 үйге, барлығы 1121 дана кітап, журнал, электронды оқулықтар мен әдістемелік құралдар берілді.

Облыста мемлекеттік жастар саясаты институттары дамып келеді. Әртүрлі меншіктегі ірі өнеркәсіптік кәсіпорындарда және компанияларда жастармен жұмыс күшейтілуде. Жоғары, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында 21, әртүрлі меншіктегі кәсіпорындар мен мекемелерде 14 жастар ісі жөніндегі комитеті жұмыс атқаруда. Облыс бойынша 65 жастар ұйымы тіркеліп, оның 42-сі белсенді жұмыс атқарады. Сондай-ақ, жастар ресурстық орталығының бөлімдері Қызылорда, Байқоңыр қалалары және аудандарда қызмет көрсетуде. Есепті кезеңде, «Жастар ресурстық орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің әр түрлі санаттағы жастарға бағытталған 810-ға жуық ісшара ұйымдастырылып, оған 28 300 жас қамтылған. Орталықпен 32 бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өткізілді. Нәтижесінде, 344-тен астам жас «Жас құрылысшылар» еңбек жасағында жұмыспен қамтылған. «Жасыл ел» жастар жасағына 1000 жас тартылды.

Сонымен қатар, белсенді жастар ұйымдарымен бірлесіп 200-ден аса іс-шара ұйымдастырылған.Атап айтқанда, облыстық ішкі саясат басқармасы және «Консенсус» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен ү.ж. 17 қыркүйекте «Қорқыт Ата» ескерткішінің алдында өлкетанушы тарихшылардың, республикалық деңгейдегі блогерлердің, белсенді жастардың қатысуымен «Сыр - Алаштың анасы» экспедиция тобын шығарып салу рәсімі өткізілді. Шараға облыс әкімінің орынбасары Р. Рүстемов қатысып, сәттілік тіледі. Экспедиция тобы 20 күн аралығында Қызылорда облысының барлық аудандарында зерттеу жұмыстарын жүргізіп, нәтижесінде арнайы бейне-фильм әзірленетін болады.«Студенттік жастардың еңбек жасақтары облыстық штабы» ҚБ-мен бірлесіп әр түрлі меншіктегі кәсіпорындардағы жастар ісі жөніндегі комитеттердің қызметін дамыту мақсатында үстіміздегі жылғы 20 қыркүйекте «Ұжымдағы қарым - қатынасты дамытудағы негізгі талаптар» тақырыбында жастар ісі жөніндегі комитеттердің жетекшілерімен семинар-тренинг өткізілді.

Сонымен қатар, 24 қыркүйекте Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы аясында Қызылорда облысындағы «Ауған соғысының ардагерлері мен мүгедектерінің кеңесі» ҚБ-мен бірлесіп №2019 әскери бөлімінде жастардың бойында патриоттық, отансүйгіштік қасиеттерін қалыптастыру мақсатында техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының студенттеріне «Отанды қорғау - қастерлі міндет!» экскурсия ұйымдастырды. Экскурсияға 50-ге жуық жас қатысты.«Қазақстан КВН Одағы» Республикалық жастар қоғамдық бірлестігінің Қызылорда облысы бойынша өкілдігі «Қызық Орда» шығармашылық тобы» қоғамдық қорынмен бірлесіп 26 қыркүйекте Н. Бекежанов атындағы музыкалық драма театрында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай Қызылорда облыстық ашық чемпионаттың «Маусымашар-2016» жайдарман фестивалі өткізілді. Шараның арнайы қонағы ретінде «Қазақстан КВН Одағы» Республикалық жастар қоғамдық бірлестігінің Президенті Е.Елеукен шақырылды.

Сондай-ақ, үстіміздегі жылғы қазан айында «Достық үйінде» облыс әкімі Қ.Е. Көшербаевтың қатысуымен Қызылорда облысы жастарының дәстүрлі XII форумы және қараша айында облыс әкімінің аймақ жастарына арналған дәстүрлі «Сыр үміті» сыйлығын табыстау рәсімін өткізу жоспарланып отыр.

Тоғыз айдың ішінде облыс аумағындағы мемлекеттік мекемелерде мемлекеттік рәміздердің стандартқа сәйкес қолданылуын анықтау мақсатында 504 мекемеге бақылау жұмыстары жүргізіліп, орын алған кемшіліктер заң талаптарына сәйкестендірілді. Техникалық реттеу және метрология Комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаментімен бірлесіп мемлекеттік мекемелер өкілдерінің және мемлекеттік рәміздерді сатумен айналысатын кәсіпорын қызметкерлері мен кәсіпкерлердің қатысуымен ҚР СТ 989-2014 «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы. Техникалық шарттар» Ұлттық стандартын талқылауға арналған дөңгелек үстел отырысы өткізілді. Дөңгелек үстел барысында ҚР СТ 989-2014 «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы. Техникалық шарттар» Ұлттық стандартына енгізілген негізгі өзгешеліктер мен толықтырулар, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасын жаңартудың туындау себебі, ҚР СТ 989-2014 ұлттық стандарты мен ҚР СТ 989-2008 стандарты бойынша Мемлекеттік Елтаңбаның негізгі сыртқы пішіндік айырмашылықтары, Мемлекеттік Елтаңбаның түр-түстік сипаттарының орындалуына қойылатын талаптар,Мемлекеттік Елтаңбаның сипаттамалары (детальдарының конструкторлық сызбалары) бойынша департамент мамандары түсіндірме жүргізді.

Бұдан өзге ономастикалық атауларды жүйелеу мақсатында облыс аумағындағы идеологиялық тұрғыдан ескірген, мән-мағынасыз қойылған әлеуметтік нысандар мен көше атауларының базасы жасалды. Нәтижесінде, облыс бойынша идеологиялық тұрғыдан ескірген 107, атауы жоқ 362 көше анықталды. Сондай-ақ, 2 ауылдық округ және 5 бөлімше, 6 ауыл, 3 мектеп қайта атауға жатады. «Қызылорда облысының білім беру және мәдениет мекемелеріне атау беру мен қайта атау туралы» ҚР Үкіметі қаулысының жобасы жасалып, тиісті министрліктерден келісім алу үшін интранет-порталға салынды.Есепті мерзімде облыстық ономастика комиссиясының 2 отырысы өткізіліп, қаралған 110 құжаттың 65-не оң қорытынды берілді.Қазақстан халқы тілдерінің күні мерекесіне орай Қызылорда облыстық ішкі саясат басқармасының ұйымдастыруымен 2016 жылғы 22 қыркүйекте «Тіл тазалығын сақтайық!» атты акция өткізілді. Акция «Жас Отан» жастар қанаты жанынан құрылған «Таза тіл» ерікті жастар тобымен бірлесіп, мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру, мемлекеттік тілге деген сүйіспеншілік пен құрметті қалыптастыру мақсатында ұйымдастырылды.Шара барысында Қызылорда қаласында тұрғындарға тасымалдау қызметін көрсететін 1, 11, 17, 18 бағыттағы қоғамдық көліктерде мемлекеттік тілде таза сөйлеуге, тіл мәдениетін сақтауға шақыратын көрнекіліктер жапсырылып, таратылды. «Мекенжай тіркелімі» ақпараттық жүйесіне 65 топонимикалық атаулар енгізілді.

Жыл сайын облысымызда азаматтық сектор тұрақты дамып келеді. Оның нәтижесін қазіргі күнгі облыс көлемінде нақты жұмыс жасайтын үкіметтік емес ұйымдар санының артқандығынан байқауға болады. 2006 жылы өңірімізде 387 ҮЕҰ Әділет органдарында заңды түрде тіркеуден өтсе, бүгінгі күні облысымызда ҮЕҰ-дың жалпы саны 889-ді құрап отыр. Оның ішінде 409-ы нақты жұмыс жасайтын ҮЕҰ-дар. 2015 жылы мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында республикалық бюджеттен қарастырылған трансферттерді қосқанда 576 млн. теңге қаржы бөлініп, оған облыс бойынша 143 әлеуметтік жоба жүзеге асырылса, 2016 жылы 176 әлеуметтік жобаға 811,6 млн. теңге қаралып, жүзеге асырылуда.Оның ішінде, облыстық ішкі саясат басқармасының мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы бойынша үкіметтік емес ұйымдардың жобаларына облыстық бюджеттен 222 млн. 220 мың теңге қаржы бөлінді. Бөлінген қаржыға 39 әлеуметтік жоба жүзеге асырылуда.

Биылғы жылдың айтулы даталары - Тәуелсіздіктің 25 жылдығы, Екі мәрте Социалистік Еңбек Ері, күрішші Ыбырай Жақаевтың 125 жылдығы, Семей ядролық сынақ полигонының жабылғанына 25 жыл толуы, Чернобыль апатының орын алғанына 30 жыл толуы және басқа да Ұлт Жоспарына бағытталған ауқымды шаралар мен мемлекеттік, кәсіби мерекелер, республикалық, облыстық деңгейдегі түрлі конференциялар, мәдени-көпшілік шаралар енгізілді.Күнтізбелік жоспардағы барлық шаралар маңыздылығымен ерекшеленеді. Ең ірі шаралардың бірі биыл Екі мәрте Социалистік Еңбек Ері, күрішші Ыбырай Жақаевтың 125 жылдығы атап өтілді. Елбасының «100 нақты қадам - Ұлт жоспарының», «Жалпыға ортақ Еңбек Қоғамы идеясын ілгерілету» 88-қадамын орындау, жұмысшы мамандықтардың танымалдылығын насихаттау мақсатында аталмыш мерейтойды өз деңгейінде атап өту ерекше маңызға ие. Мерейтой аясында келесідей ірі көлемді шаралар ұйымдастырылмақ: Ы.Жахаев пен Ж.Қуанышбаевтың ұрпақтарының қатысуымен арнайы кездесулер өтуде.

Қыркүйек айында Ыбырай Жақаевтың 125 жылдығына орай Астана қаласында Қызылорда облысының күндері өткізіліп, «Сыр -Алаштың анасы» атты өнер жұлдыздарының мерекелік концерті және ауылшаруашылығы жәрмеңкесі ұйымдастырылды.
Қазан айында «Дихан рухы мәңгі жасайды» атты республикалық ақындар айтысы, «Дала академигі - Ыбырай» атты облыстық ғылыми-танымдық конференциясы өтті.

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығын мерекелеу туралы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына сәйкес аймақта іс-шаралар жоспары әзірленіп, тиісті жұмыстар атқарылуда. Ағымдағы жылдың есепті мерзімінде облыс көлемінде түрлі форматта (кітап көрмелері, концерттік бағдарлама, спорттық шаралар, әлеуметтік автопоездардың шығуы, конференция, дөңгелек үстел және т.б.) 222 шара ұйымдастырылып, оған барлығы 110 мың адам қамтылды. Сондай-ақ, 10 әлеуметтік нысан мен 5 тұрғын үй пайдалануға берілді. Алдағы уақытта мерейтой аясында 11 нысанның пайдалануға берілуі жоспарланып отыр. Мұнан өзге Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы аясында екінші жартыжылдықта ірі көлемді 47 шара өткізілетін болады.