Ел тұрғындары 1 320 қаруды өз еріктерімен полицияға тапсырды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ел тұрғындары 1 320 қаруды өз еріктерімен полицияға тапсырды. Бұл туралы ІІМ баспасөз қызметінің өкілі Шұғыла Тұрлыбек айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ішкі істер министрлігі атыс қаруын қолдану арқылы жасалатын қылмыстардың алдын алу мақсатында жыл сайын халықтан заңсыз сақталан атыс қаруларын, оқ-дәрілер мен жарылыс заттарын сатып алу акциясын жүргізеді. Биыл бұл мақсатқа республикалық бюджеттен 88,7 млн теңге бөлінді. Бүгінге дейін азаматтар полицияға 1 320 қару, 9 мың данадан астам оқ-дәрі тапсырды», - деді ол ведомствоның баспасөз алаңында өткен брифингте.

Оның дерегінше, бөлінген қаражаттың игерілуіне байланысты Ақтөбе, Жамбыл, Қызылорда және Түркістан облыстарынан басқа өңірлерде акция тоқтатылды.

«Ішкі істер министрлігі халықтан қару-жарақ сатып алу іс-шарасын 2008 жылдан бері жүргізіп келеді. Осы уақыттың аралығында азаматтар ерікті тұрде 54 мыңнан астам атыс қаруын, 2 млн-нан астам оқ-дәрі тапсырды. Соңғы 5 жылда атыс қаруын қолдану арқылы жасалатын қылмыстардың 50 пайызға қысқаруы қабылданған іс-шараның тиімділігін көрсетеді», - деді Шұғыла Тұрлыбек.





Фото: sosnovosti.ru