Елбасы Ішкі істер министрлігі жанынан Көші-қон мәселелері жөніндегі ұлттық бюро құруды тапсырды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда Ішкі істер министрлігі жанынан Көші-қон мәселелері жөніндегі ұлттық бюро құрылады. Бүгін Астанада Қауіпсіздік кеңесінің отырысында ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев осындай тапсырма жүктеді.

Кеңес барысында Елбасы еліміздегі бақылаусыз көші-қон үдерістеріне, заңсыз көшулердің, соның ішінде өз бетінше жерді басып алудың қалыптасып отырғанына назар аударып, бұның қылмысқа жағымды орта болатынын атап өтті.

«Үкіметке көші-қонды бақылаудың ықпалдасқан жүйесін құру бағытындағы жұмысты жеделдеткен абзал, ол заманауи технологияны енгізуге негізделуі керек. Сонымен қатар, дактилоскопиялық тіркеу туралы заң жобасы әзірленуі керек. Ал бұған дейін халықты тіркеу мен есепке алу тетіктерінің орындалуы қамтамасыз етілуі керек.

Жергілікті билік органдарының басшылары жер учаскелерін заңсыз басып алу мен орналасуға жол бергені үшін тікелей жауап беретін болады. Барлық әкімдерге осы жұмысты жүргізуді тапсырамын және ол бойынша әр жарты жыл сайын баяндап тұратын боласыздар.

Бұдан бөлек, елімізге келетін мигранттарды міндетті тіркеудің мүмкіндігін қарастыру керек. Осы айтылғандардың барлығы, нормативтік құқықтық актілерде көрініс табуы шарт. Бұл еліміздегі қауіпсіздік пен қоғамдық тәртіптің мүддесі үшін жүзеге асырылатын болады.

Үкімет Ішкі істер министрлігі жанынан Көші-қон мәселелері жөніндегі ұлттық бюроны құру туралы жұмысты жеделдетуі керек. Ол  миграциялық үдерістерді реттеуге, осы саладағы жұмыстарға талдау жасауға жауапты болады», - деді Н. Назарбаев.