Ақпараттық-насихаттық топ жетекшісі, ҚР Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов облыс әкімі Қырымбек Көшербаевпен бірге өңір белсенділерімен кездесті, деп хабарлайды ІІМ баспасөз қызметі.
Жүздесу барысында Қ. Қасымов бағдарламалық құжатта көрсетілген негізгі бағыттар, сондай-ақ Президент Әкімшілігімен бірге дайындаған қазақстандық полицияны жаңғырту жөніндегі Жол картасын әзірлеу туралы айтты.
Жол картасында ІІМ-нің штаттық санын оңтайландыру, басқарушы буындардың қысқаруы, полицияны артық функциялардан арылту, полицияның қызметін бағалау талаптарын түбегейлі өзгерту және оның жұмысын сервистік модельге көшіру жоспарланған.
Сонымен қатар Министр тұрғындармен жұмыс істеуде заманауи форматтардың, жаңа полиция стандарттарының және жаңа нысандық киімнің әзірленуі туралы айтып өтті. Сонымен қатар ведомстволық оқу орындарының қайта реформалау мәселелеріне және «102» қызметінің жаңаша жұмыс істеуіне тоқталды.
«Президент құқық қорғау органдарының жұмысында терең сапалы өзгерістердің қажет екенін айтты. Қоғам біздің жұмысты түбірімен жақсарғанын қалайды, қоғам тарапынан полицияға сенімділік деңгейінің артуы және тұрғындардың қауіпсіздігі - полиция жұмысының басты өлшеуіші,» - деп атап өтті Қ. Қасымов.
Сонымен қатар Қалмұханбет Қасымов облыс әкімімен бірге Жол картасы шеңберінде ҚР ІІМ, «Зерде» Ұлттық холдингімен және облыс әкімдігімен бірлесе бекіткен «112 бірыңғай кезекші қызмет» пилоттық жобасының құрылуы мен енгізілуі жөніндегі жұмысты зерделеді.
«112» бірыңғай кезекшілік қызметі операторлардың қоңырауларын қабылдап, нақты бағыттағы диспетчерлермен байланыстырады (101, 102, 103, 104, 112). Осы жоба Астана қаласы мен Қызылорда облысында сынақтан өткізіледі.
Сонымен қатар Қ. Қасымов ішкі істер, төтенше жағдайлар жөніндегі және қылмыстық-атқару жүйесі департаменттерінің қызметкерлерімен кездесіп, онда ішкі істер органдарын жаңғырту бойынша Президенттің тапсырмаларына және оны орындау үшін жүзеге асырылатын нақты шараларға тоқталды, сонымен қатар облыстық полицияның бірқатар бөліністерінің жұмысымен танысты.