Елді көркейтуге әрбір азамат атсалысуы керек — Президент

АСТАНА. KAZINFORM — Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елді мекендерді дамыту мен халықтың тұрмыс сапасын арттыруды тек мемлекеттің міндеті деп қарауға болмайтынын айтты. Мемлекет басшысы азаматтарды өз ауылын, қаласын көркейтуге белсенді атсалысуға шақырды.

Фото: Ақорда

Президент еліміздің келбетін және тұрпатын өзгерту, таза әрі тиянақты орта қалыптастыру — баршамыздың ортақ міндетіміз екенін атап өтті.

— Халқымызда «Ынтымақ түбі — игілік» деген сөз бар. Азаматтарымыз өздері тұрып жатқан елді мекенге қамқорлық танытқаны жөн. Әрбір адам өз үйін, ауылын, қаласын көркейтуге белсене атсалысқаны абзал, — деді Қ. Тоқаев Қазақстан Халық Кеңесінің бірінші сессиясында.

Кейбір кәсіпкерлер тұтас ауылды гүлдендіруге зор ықпал етуде. Елімізде мұндай тамаша тәжірибелер бар.

— Біз үшін елді мекендерімізді дамытуға, онда тұрып жатқан азаматтардың тұрмыс сапасын арттыруға әсер ететін кез келген бастама маңызды. Аймақтарға пайдасы тиетін істен Халық Кеңесінің мүшелері де шет қалмауы керек. Бұл шаруаны тек мемлекетке жүктеп қоюға болмайды. Азаматтарымыз да бұл міндетке жауапкершілікпен қарап, белсенді, табанды және елге жанашыр болуы қажет, — деді Мемлекет басшысы.

Сонымен бірге, Президент бірлігімізді нығайтып, халық игілігі үшін жұмыла жұмыс істеу керектігін айтты. Билік, өкілді органдар және азаматтық қоғам бірлесіп әрекет етсе, ауыл да, қала да, яғни, тұтас мемлекет өсіп-өркендейтіні анық.

— Қалаларды, көшелерді, саябақтарды тазалықта ұстау, еліміздің жаңа тұрпатын қалыптастыру бұл — бүкіл халқымыздың болмысын өзгерту, мемлекетімізді дүние жүзіндегі ең өркениетті елдердің қатарына қосу деген сөз. Бұл — ұлттық намысымызға қатысты аса маңызды міндет, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бұған дейін Президент 1 жылда елдің саяси жүйесі мен мемлекеттік басқаруына елеулі өзгеріс әкелген ауқымды реформалар жүзеге асқанын айтқан еді. 

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның 7 жылдағы негізгі көрсеткіштерін атады.

Сондай-ақ Халық Кеңесі мен Құрылтай бір-бірінің жұмысына араласпайды.