Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Қайсар Сұлтанбаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында аталған мәселені Парламент депутаттарының талқылауына шығаратындарын айтты.
— Елді мекендердің ішінде жылдамдық режимін төмендету мәселесіне келсек, жалпы Әкімшілік полиция комитетінің ұжымы заң мен тәртіп қағидаты аясында заң шығару ісімен, қолданыстағы нормативтік-құқықтық актілерді жетілдірумен үнемі айналысып отырмыз. Оның үстіне Ішкі істер министрі осы жылды қылмыстардың алдын алу жылы етіп жариялады, — деді ол.
Айтуынша, ұсыныс қазір талқылау сатысында тұр.
— Қазір бұл мәселені жұмыс тәртібімен қарап жатырмыз. Парламент депутаттары демалыстан жұмысқа шыққан кезде осы мәселені солармен талқылаймыз. Бұл мәселе қазір талқылау сатысында. Қандай шешім қабылданғанын кейін қосымша хабарлаймыз, — деді ІІМ өкілі.
Бұған дейін Алматы полициясы электрлі самокат пайдаланушыларға үндеу жасағанын жазған едік.