Елде 3 мыңнан астам бала полицияның есебінде тұр - ІІМ

АСТАНА. KAZINFORM – Полиция есебінде тұрған балаларды әлеуметтік пайдалы жұмысқа және спортқа тарту жұмыстарын күшейту керек. Бұл туралы Үкімет отырысында Ішкі істер министрі Ержан Сәденов мәлім етті.

Фото: ҚР ІІМ

- Тәртібі жағынан «қиын» жасөспірімдерді анықтап, бақылауда ұстаймыз. Қазір 3 мыңнан астам бала полицияның есебінде. Олармен тиісті жұмыс жүргізіліп жатыр – әлеуметтік пайдалы жұмысқа және спортқа тартылып жатыр. Дегенмен, жергілікті органдар тарапынан мұндай балалардың тек 60%-ы ғана қамтылған, - деді Е. Сәденов.

Осы орайда әкімдіктерге жазғы демалыста оқушылардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруды қамтамасыз ету ұсынылды.

- Сонымен қатар, бүгінде балалардың терезеден құлауы, су қоймаларында қаза болуы, көлікпен балаларды қағу жағдайлары көбейді. ІІМ тарапынан олардың алдын алуға бағытталған түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр, - деді министр.

Бұдан бұрын хабарланғандай, оқушылардың жазғы демалысы орталықтарына полиция инспекторлары бекітілді.