Атап айтқанда: дәнді дақылдар 5,5 млн гектарға, майлы дақылдар 2,3 млн гектарға, мал азықтық дақылдар 642 мың гектарға, мақта 166 мың гектарға, көкөніс дақылдары 102 мың гектарға, бақша дақылдары 77 мың гектарға, картоп 93 мың гектарға, қант қызылшасы 22 мың гектарға егілді.
Негізгі астық егетін өңірлерде егіс науқаны белсенді кезеңде жалғасып жатыр.
Мәселен, Ақмола облысында 2 млн гектар, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарында 1,3 млн гектар жерге егін егілді.
— Жоғары қарқын оңтүстік және оңтүстік-шығыс өңірлерде де байқалады. Бұл аймақтарда көктемгі дала жұмыстары аяқталуға жақын. Жамбыл облысында жұмыстар 98,1%-ға, Жетісу облысында 97,5%-ға орындалды. Ал Алматы облысында егіс науқаны 96,1%-ға аяқталды.
Жалпы, еліміздің ауыл шаруашылығы құрылымдарында 133,9 мың трактор, шамамен 5,6 мың жоғары өнімді егіс кешені, 71,4 мың сепкіш және 188,5 мың топырақ өңдеу құралы бар. Аграршыларға үздіксіз техникалық қолдауды 70 сервистік орталық көрсетіп жатыр, — делінген АШМ хабарламасында.
Егіс науқанын дайындау мен өткізудегі негізгі бағыттардың бірі — ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді минералды тыңайтқыштармен қамтамасыз ету.
2026 жылға арналған тыңайтқыш енгізу жоспары 2,3 млн тонна. Әкімдіктердің жедел деректеріне сәйкес, бүгін 1,4 млн тонна тыңайтқыш жеткізуге келісімшарттар жасалып, 1,2 млн тоннасы жөнелтілді.
Аграршылар үшін тыңайтқыштардың қолжетімділігін арттыру мақсатында өңірлердің жергілікті бюджеттерінде 2026 жылға тыңайтқыш құнын субсидиялауға 56,3 млрд теңге қарастырылған.
Айта кетелік Түркістан облысында шаруалар жылыжай қызанағын өткізе алмай отырғаны туралы жазған едік.