Елде алтын қаншадан саудаланып жатыр

Фото: Baku.ws

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда алтынның бір граммы 81 774,20 теңгеге дейін арзандады.

Ұлттық банктің мәліметіне сәйкес, 12 наурыз таңертеңгі жағдай бойынша бір грамм алтынның бағасы 82 542,16 теңге.

Өткен аптада бағалы металдың бір грамы 84 355,16 теңге болған.

Таяу Шығыстағы жағдайдың ушығуы алтын бағасына әсер етті. АҚШ пен Израильдің Иранға соққы жасауынан кейін инвесторлар қауіпсіз актив саналатын алтынға көбірек назар аудара бастады.

Нарық деректері бойынша, 2 наурызда алтынның спот бағасы 0,4 пайызға өсіп, бір унциясы 5297,31 долларға жетті. Кейін инвесторлар пайдасын тіркегендіктен баға аздап төмендеді. Ал 29 қаңтарда алтын құны бір унциясы үшін 5594,82 долларға жетіп, рекордтық деңгейге шыққан еді.

Бұған дейін хабарланғандай, әлемдік алтын бағасының өсуіне байланысты Қазақстан алтын сатып алу көлемі бойынша дүниежүзінде екінші орынға шықты. 2025 жылы ел 57 тонна алтын сатып алып, осы көрсеткіш бойынша әлемде екінші болды.

Сонымен қатар соңғы алты жыл ішінде Қазақстан ірі алтын сатушылар қатарында да болды. Осы кезеңде алтын қорының таза қысқаруы 44,4 тонна болды.

2022–2024 жылдары Қазақстан Ұлттық Банкі резервтердің өтімділігін қолдау және әртараптандыру мақсатында 118,3 тонна алтын сатты. Ал 2025 жылы рекордтық баға мен геосаяси тұрақсыздық жағдайында ел қайтадан алтын қорын жинақтауға көшті.