Бүгінде елде шамамен 7 миллион бала өмір сүреді, бұл ел халқының шамамен 34%-ы. Соңғы он жылдың ішінде балалардың саны 1,5 миллион адамға артты, бұл балаларға арналған медициналық көмектің инфрақұрылымын әрі қарай дамыту мен жүйесін жетілдіруді талап етеді.
Балалардың денсаулығын сақтау мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтарының бірі болып қала береді. Балаларға медициналық көмек тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі шеңберінде тегін көрсетіледі.
Соңғы бес жылдың ішінде балалар денсаулығын сақтау саласын қаржыландыру 264 млрд теңгеден 585 млрд теңгеге дейін екі еседен астам артты. Бүгінде балаларға көрсетілетін медициналық көмектің шығыны сала бюджетінің 23%-ын құрайды.
— Бүгінде Қазақстанның әрбір үшінші тұрғыны — бала. Біздің міндетіміз тек қолжетімді медициналық көмекті қамтамасыз ету ғана емес, сонымен қатар баланың өмірінің алғашқы күндерінен бастап оның дені сау әрі қауіпсіз дамуына жағдай жасау. Біз педиатриялық қызметті кезең-кезеңімен нығайтып, жоғары технологиялық көмекті дамытып, профилактикалық бағдарламаларды кеңейтіп, балалар медицинасының инфрақұрылымын жаңғыртып келеміз. Денсаулық сақтау саласындағы барлық шешім ең алдымен балалардың денсаулығы мен әл-ауқатына бағытталуы тиіс, — деді Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова.
Елде балаларға медициналық көмектің көпдеңгейлі жүйесі жұмыс істейді. Оған емханалар, балалар ауруханалары, перинаталдық орталықтар және республикалық клиникалар кіреді. Ел емханаларында 370 педиатриялық бөлімше және 386 даму мен ерте араласу орталықтары ашылған.
Алдын алу және ауруларды ерте анықтауға ерекше көңіл бөлінеді. Патронаждық бақылау жүйесі жүкті әйелдерді босануға дейінгі қадағалауды және бес жасқа дейінгі балаларды тұрақты сүйемелдеуді қамтиды. Бүгінде алғашқы буын деңгейінде шамамен 4 мың патронаждық мейіргер жұмыс істейді.
Балаларға арналған медициналық инфрақұрылымды жаңғырту жалғасып жатыр. 25 балалар ауруханасын реновациялау бағдарламасы іске асырылуда, заманауи перинаталдық орталықтар салынып жатыр.
Балаларға жоғары технологиялық медициналық көмекті дамыту да басым бағыттардың бірі болып отыр. Соңғы екі жылдың ішінде 36 балаға «Гамма-пышақ» кешенін пайдалана отырып радиохирургиялық операция жасалды. Жыл сайын шамамен 400 балаға есту импланттары орнатылады, 700-ге жуық шала туған нәресте ретинопатиядан ем алады, 2 мыңнан астам балаға кардиохирургиялық көмек көрсетіледі.
Балалар хирургиясы мен неонаталдық көмекті дамыту жүйелі түрде жалғасып жатыр. Жыл сайын туа біткен даму кемістіктері бар шамамен 1500 нәрестеге операция жасалады, олардың 40%-ға жуығы аз инвазивті эндовидеохирургиялық әдістермен орындалады.
Елде заманауи перинаталдық технологиялар енгізіліп, неонаталдық реанимация дамуда және медициналық көмекті өңірлендіру жүйесі жетілдірілуде. Осы шаралардың арқасында хирургиялық араласудан кейін нәрестелердің өмір сүру көрсеткіші 88%-дан 93%-ға дейін артты.
Айта кетелік Алматыда балалар мерекесіне орай тегін медициналық тексерулер мен акциялар өтіп жатыр.