Заң жобасы ҚР Парламенті Мәжілісінде 2025 жылғы 10 желтоқсанда тіркеліп, биылғы 28 мамырында бірінші оқылымда мақұлданды. Құжаттың мақсаты – әлеуметтік заңнаманы жетілдіру, оның ішінде техникалық және кәсіптік білім берудің (ТжКБ) бәсекеге қабілетті жүйесін қалыптастыру және көші-қон саясатын жетілдіру.
Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мәліметінше, заңның негізгі ережелері мыналарды көздейді:
1) ТжКБ жүйесін жетілдіру бөлігінде:
- еңбек шартын жасасу үшін кәсіби біліктілік сертификаттарын тану;
- жұмыс берушілердің ТжКБ-нің білім беру бағдарламаларын әзірлеуге қатысуы;
2) халықтың көші-қоны бөлігінде:
- азаматтардың еңбек күші артық өңірлерден еңбек күші тапшы өңірлерге қоныс аудару тәртібін айқындау;
- жұмыс күшінің ұтқырлығын арттыру мақсатында ерікті түрде қоныс аударуға жәрдем көрсету;
- еңбек делдалдығына бақылауды күшейту;
Сондай-ақ жұмыс топтарының отырыстары барысында және депутаттар ұсынған түзетулер негізінде құжатқа тиісті түзетулер енгізілді. Біріншіден, денсаулық сақтау мәселелері бойынша:
- халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ететін, сондай-ақ дәрілік заттар мен медициналық заттардың айналымын реттейтін нормалар қабылданды;
- республикада қолданылатын медициналық газдарды реттеу үшін «медициналық газ» ұғымы, оны мемлекеттік тіркеу және медициналық емес мақсаттарда пайдалануға тыйым салу талаптары енгізіледі;
Екіншіден, халықты әлеуметтік қорғау мәселесі бағытында:
- зейнет жасындағы азаматтардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған ұйымдар қызметінің тәртібі заңнамалық тұрғыда айқындалады;
- мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа орналастыруға арналған жұмыс орындары квотасын белгілеу, мониторингтеу және олардың орындалуын бағалау қағидалары белгіленеді;
- салымшының өтініші негізінде зейнетақы жинақтарын инвестициялық портфельді басқарушыға инвестициялық басқаруға беру арқылы оларды басқару тәртібін жетілдіру нормалары ұсынылды;
Үшіншіден, инклюзивті білім беру мәселелері бойынша:
- денсаулығында ауытқулары бар ерте жастағы балаларды (3 жасқа дейін) анықтау және қолдау тәртібі көзделеді;
- мүмкіндігі шектеулі балаларға арнайы психологиялық-педагогикалық қолдау көрсететін арнайы білім беру ұйымдарын лицензиялау белгіленеді;
- «инклюзивті мәдениет», «ымдау тілі» ұғымдары және оларға ілеспе нормалар енгізіледі.
Айта кетейік, жақында Мәжілістің жалпы отырысында депутат Екатерина Смолякова Премьер-министр Олжас Бектеновтің атына жолдаған депутаттық сауалында инклюзивті ортаны қалыптастыруға қатысты мәселені көтерді.