- Өткен күзгі-қысқы кезеңде Қазақстанның Біртұтас электр энергетикалық жүйесінің тұтыну максимумы 2025 жылғы 18-ші желтоқсанда тіркеліп, 17 724 МВт-ты құрады. 2024-2025 жылдардағы күзгі-қысқы кезеңмен салыстырғанда жүктеме максимумы 3 пайызға өсіп, 521 МВт-ты құрады. 2025 жылы электр энергиясын тұтыну 2024 жылмен салыстырғанда 4,6 млрд кВт/сағатқа немесе 3,8 пайызға артып, 124,6 млрд кВт/сағатты құрады. 2025–2026 жылдардағы күзгі-қысқы кезеңде электр энергиясын тұтыну көлемі алдыңғы кезеңмен салыстырғанда 1,6 млрд кВт/сағатқа, яғни 2,4 пайызға өсіп, 66,9 млрд кВт/сағатты құрады, - деді Н. Айтжанов.
Оның айтуынша, 2025 жылы электр энергиясын өндіру 5,2 млрд кВт/сағатқа немесе 4,4 пайызға өсіп, 123,1 млрд кВт/сағатты құрады. 2025-2026 жылдардың күзгі-қысқы кезеңінде өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 2,3 млрд кВт/сағатқа немесе 3,5 пайызға өсіп, 66,9 млрд кВт/сағатты құрады.
- 2026 жылғы 1 қаңтарда электр станцияларының жалпы белгіленген қуаты 26,8 ГВт-ты құрады, оның ішінде 51 пайызы – көмірмен жұмыс істейтін жылу электр станциялары (13679,0 МВт), 26 пайызы – газбен және мазутпен жұмыс істейтін жылу электр станциялары (6846,8 МВт), 9 пайызы - гидроэлектр станциялары (2534,8 МВт), 14 пайызы – жаңартылатын энергия көздері (3746,3 МВт). 2025 жылы Қазақстан Республикасында жаңа генерацияны іске қосу көлемі 1577,8 МВт-ты құрады. Бұл ретте жылу электр станциялары – 870,1 МВт, жаңартылатын энергия көздері – 707,7 МВт, - деді басқарма төрағасы.
Осы орайда ол 2025 жылы электр энергиясын өндіру негізінен жылу электр станцияларымен қамтамасыз етіліп, 74 пайызды құрағанын атап өтті. Газтурбиналық электр станциялары 11 пайыз, дәстүрлі гидроэлектр станциялары – 8 пайыз және жаңартылатын энергия көздерінің электр станциялары 7 пайыз көлемінде электр энергиясын өндірді.
Оның сөзіне қарағанда, пайдалану мерзімі 30 жылдан асқан генерациялайтын жабдықтардың үлесі - 45 пайыз. Жабдықтар біртіндеп жаңарып келе жатыр, яғни былтырмен салыстырғанда ескірген жабдықтар 3 пайызға азайды.
Айта кетейік, еліміздегі 5 жылу электр орталығы «қызыл» аймақта тұрғаны мәлім болды.