Елде еттің күрт қымбаттауына негіз жоқ — министрлік

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда сиыр етінің орташа бағасы келісіне 3 800 теңге шамасында сатылып жатыр. Ауыл шаруашылығы министрлігі елде ет бағасын күрт өсіретін фактор жоқ деп есептейді.

Фото: Kazinform

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Назгүл Хатепованың айтуынша, министрлік ет бағасына күн сайын мониторинг жүргізеді. Астанадағы сауда орындарында баға әртүрлі қалыптасқан.

— Мысалы, Шапағат базарында сиыр етінің бағасы шамамен 3 500 теңге болса, Артемде 4 400-4 500 теңге көлемінде. Жалпы республика бойынша сиыр етінің орташа бағасы — келісіне 3 800 теңге, — деді Н. Хатепова Үкімет үйінде өткен брифингте.

Вице-министр елдегі ішкі нарықтың сиыр етімен толық қамтамасыз етіліп отырғанын атап өтті.

— Өткен жылдың қорытындысы бойынша 434 мың тонна сиыр еті өндірілді. Биыл да алғашқы 8 айда өндіріс көлемінің өскенін көріп отырмыз. Мал басы да артып келеді. Сондықтан сиыр етінің бағасы күрт өседі деп болжауға еш негіз жоқ, — деді министрлік өкілі.

Бұған дейін Назгүл Хатепова елдегі картоп егу алқабы 5,5 мың гектарға көбейгенін, оларды сақтайтын қоймалар да жеткілікті екенін айтқан еді.

Көлік вице-министрі Жәнібек Тайжанов Қазақстан астығы қай елдерге көбірек экспортталатынын баяндады.