Елде филологиялық сараптама жүргізетін мамандар саны қанша

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда филологиялық сараптама жүргізетін мамандар тапшылығы байқалады. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингіде ҚР Әділет министрлігі Сот сараптамалары орталығының директоры Бақытжан Байтилесов мәлім етті. 

Фото: pixabay.com

Оның айтуынша, бүгінде елде 1 200-ден астам сот сарапшысы жұмыс істейді. Алайда олардың тек 28-і ғана филологиялық сараптама жүргізуге маманданған. 

– Қазіргі таңда 28 сарапшы қазақ және орыс тілдерінде филологиялық сараптама жүргізеді. Оның 14-і қазақ тілінде, қалған 14-і орыс тілінде жұмыс істейді, - деді Бақытжан Байтилесов. 

Спикердің мәліметінше, 2025 жылғы статистика бойынша шамамен 2 200 филологиялық сараптама жүргізілген. Оның 60 пайызы қазақ тілінде, ал 40 пайызы орыс тілінде өткізілген. 

Айта кетейік, Қазақстанда сот сараптамасына арналған арнайы үй-жайлар мен сараптамаларды жүргізу қағидаларына өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.