Ғылым және жоғары білім министрлігі «Ғылым қоры» акционерлік қоғамы арқылы ғылыми немесе ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін (ҒҒТҚН) коммерцияландыру жобаларын гранттық қаржыландыру тетігін іске асырып келеді. Аталған тетік ғылыми әзірлемелерді өндіріске енгізуге және олардың экономикалық қайтарымын арттыруға бағытталған.
— Осы тетік аясында 386 жоба қолдау тапты, оларды іске асыруға 90,8 млрд теңге гранттық қаражат бөлінді. Қазіргі уақытта 291 жоба нарықта өнім өткізуде, оның ішінде 30 жоба экспортқа шықты. Қолдау тапқан жобалардың ғылыми-техникалық дамуға қосқан жиынтық үлесі 147,1 млрд теңгені құрады, бұл бөлінген гранттық қаржыландыру көлемінен 1,62 есе жоғары. Өнімді өткізуден түскен түсім 65,3 млрд теңгеге жетті, оның ішінде экспорттық түсім 1,6 млрд теңге. Бюджетке 13,5 млрд теңге салық төленді, 28,2 млрд теңге жеке қаржыландыру тартылды, 40,1 млрд теңгеге негізгі құралдар сатып алынды және шамамен 2,4 мың жұмыс орны құрылды, — делінген Саясат Нұрбектің Құрылтай депутатының сауалына берген жауабында.
Осылайша, іске асырылып жатқан тетік жеке капиталды тартуға, өнім өндіру мен өткізуді ұлғайтуға, салық түсімдерін қамтамасыз етуге және жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді.
— Қолданбалы ғылыми зерттеулердің практикалық нәтижелілігін бағалау мақсатында Қазақстан Республикасында жоғары білім мен ғылымды дамытудың тұжырымдамасында «Аяқталған қолданбалы ғылыми-зерттеу жұмыстарының жалпы санындағы коммерцияландырылатын жобалардың үлесі» нысаналы индикаторы көзделген. 2023 жылға арналған 28%, 2024 жылға арналған 29% және 2025 жылға арналған 35% жоспарлы көрсеткіштер кезінде нақты көрсеткіштер тиісінше 40,1%, 43,6% және 35,8%-ды құрады. 2026 жылға арналған нысаналы индикатордың нақты мәні жыл қорытындысы бойынша айқындалады. Бұдан басқа, коммерцияландыру бағдарламасы аясында қолдау тапқан 386 жобаның 291-і нарықта өнім өткізуде, ал 30 жоба экспортқа шықты, — деді министр.
Айта кетейік, Ғылым қоры 2016 жылдан бастап ғылыми немесе ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін (ҒҒТҚН) коммерцияландыру жобаларын грант аясында қаржыландыруға конкурстар өткізіп келеді.