Ғылымды коммерцияландыру: кейінгі жылдары қандай жетістіктер бар

АСТАНА. KAZINFORM — Ғылым және жоғары білім министрлігі ғылымды коммерцияландыру саласында биыл елімізде қандай жетістіктер болғанын түсіндірді.

ғылым, грант, жоба
Коллаж: Kazinform

— Ғылым қоры 2016 жылдан бастап ғылыми немесе ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін (ҒҒТҚН) коммерцияландыру жобаларын грант аясында қаржыландыруға конкурстар өткізіп келеді. Жалпы, 2016, 2017, 2018, 2022, 2023 және 2024 жылдары 6 конкурс өткізілді, оларға 2148 өтінім берілді, 1681-і сараптамадан өтті, 416-сы ұлттық ғылыми кеңес (ҰҒК) шешімімен мақұлданды, 386 шарт жасалды. Бұл ретте іске асыру кезеңінде 208 жоба тұр, 180-ден астам өндіріс сатылымға шықты, оның ішінде 19 жоба экспортқа шықты. Сатылым көлемі 1 млрд теңгеден асқан 7 жоба тіркелді, — деп аталып өткен Ғылым министрлігінің Kazinform агенттігіне берген жауабында.

Ведомство ақпаратына қарағанда, ғылыми-техникалық дамуға жобалардың қосқан жалпы үлесі 91 млрд теңгені құрады. Оның ішінде сатылым, бірлесіп қаржыландыру, салық төлемдері, сатып алынған жабдықтар және төленген роялти көлемдері бар. Бюджетке салық төлемдері түрінде 9 млрд теңге төленді. Сонымен қатар, жеке қаржыландыру көлемі шамамен 14,5 млрд теңгені құрады. 2000-нан астам адам жұмыс орындарымен қамтамасыз етілді. Сатудан түскен табыс 39,3 млрд теңгені құрады. 673 млн теңге сомасына роялти төленді.

— 2024 жылғы 3 қыркүйекте 2025-2027 жылдарға арналған ғылыми немесе ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландырудың неғұрлым перспективалы жобаларын грант аясында қаржыландыруға конкурс жарияланды. Өтінімдерді қабылдау 2024 жылдың 23 қазанына дейін созылды, 439 өтінім берілді. Ғылыми-техникалық сараптама орталығы конкурстық рәсімдерді өткізеді, — делінген министрлік мәліметінде.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Қазақстан және Ұлыбритания ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыру, сондай-ақ инновацияларды ынталандыру бағытында ынтымақтастық құрмақ.

Соңғы жаңалықтар