Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов мәлім етті.
— Туризм саласының тұрақты дамуы мен бәсекеге қабілеттілігін арттыруда инвестициялар тарту маңызды. Бүгінде бұл бағытта нақты нәтижелерге қол жеткізілді. Іске асырылған инвестициялық жобалардың қатарында Алматы облысындағы инвестиция көлемі 57 млрд теңгені құрайтын «Oi-Qaragai» тау курорты, Қонаев қаласындағы құны 11 млрд теңге сомадағы «ASP Arena» спорттық-ойын-сауық кешені, құны 2 млрд теңге «PetroRetail PFS» көпфункционалды жол бойы сервис нысаны бар. Аталған нысандардың пайдалануға берілуі туристік инфрақұрылымды нығайтуға, сервистің сапасын арттыруға және өңірлердің туристік әлеуетін кеңейтуге ықпал етеді, — деді Е. Мырзабосынов.
Оның айтуынша, қазіргі уақытта Қазақстанда жалпы инвестиция көлемі шамамен 1,3 трлн теңгені құрайтын 328 инвестициялық жоба іске асырылып жатыр. Бұл жобалар шамамен 10 мың тұрақты жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар халықаралық деңгейдегі
25 қонақ үй пайдалануға беріледі.
— 2027 жылдың соңына дейін аяқталуы жоспарланған ірі жобалардың қатарында Шымкент қаласындағы құны 17,5 млрд теңге болатын «Hilton» қонақ үйі, Қонаев қаласындағы құны 28 млрд теңге болатын «Marriott» кешені және құны 53,3 млрд теңге болатын «Жібек жолы» курорттық-ойын-сауық кешені бар, — деді министр.
Бұған дейін туризм саласында 600 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылғанын жазған едік.