Елде қандай дәрілер арзандады

АСТАНА. KAZINFORM – Шілде айында еліміздегі дәріханаларда бақыланатын дәрілік заттардың төрттен біріне жуығының бағасы арзандады.

Фото: Денсаулық сақтау министрлігі

Қазақстанда шілде айында 589 дәрілік препараттың бөлшек саудадағы бағасы төмендеді. Мониторинг елдің 20 өңіріндегі 2 555 дәрілік затты қамтыды.

— Бақыланған дәрілік заттардың шамамен жартысының — 1 267 препараттың бағасы өзгеріссіз қалды. Ал 147 препараттың бағасы 20%-дан астам төмендесе, тағы 198 препараттың бағасы 10–20%-ға, 244 атаудың бағасы 5–10%-ға арзандаған, — делінген хабарламада.

Бағасы төмендеген дәрілік заттардың қатарында инфекциялық ауруларды, жүрек-қан тамырлары ауруларын және асқазан-ішек жолы ауруларын емдеуде кеңінен қолданылатын препараттар бар.

— Атап айтқанда, Зитмак 250 мг № 6 препаратының бағасы 24,25%-ға, Цефтриаксон 1 г — 22,03%-ға, Пантап 20 мг № 14 — 20,1%-ға* төмендеді. Сонымен қатар, *Лизиноприл-ЛФ 20 мг № 10 — 14,7%-ға, Энап 5 мг № 10 — 13,27%-ға, Пульмикорт 0,25 мл — 11,09%-ға, Амоксиклав 875 мг/125 мг — 6,86%-ға арзандады, — делінген ДСМ хабарламасында.

Дәрілік заттардың нақты құны таңбалау және қадағалау жүйесі арқылы бақыланады. Бұл жүйе дәрілік препараттардың медициналық ұйымдар мен дәріханалардағы қозғалысы мен қолжетімділігін бақылауға, сондай-ақ нақты бағаларды мемлекет белгілеген шекті бағалармен салыстыруға мүмкіндік береді.

Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің төрағасы Бауыржан Жүсіповтің айтуынша, цифрлық құралдар фармацевтикалық нарықтағы өзгерістерді жедел анықтап, белгіленген шекті бағалардың асып кету жағдайларына уақтылы ден қоюға мүмкіндік береді.

Тұтынушылар үшін қосымша тексеру құралы ретінде Naqty Onim мобильдік қосымшасы қолжетімді. Онда препараттың өндірушісі мен дистрибьюторы, сатылатын дәріхана, сондай-ақ белгіленген шекті бөлшек сауда бағасы туралы ақпаратты көруге болады.

Сонымен қатар Денсаулық сақтау министрлігі дәрілік заттардың бағасын мемлекеттік реттеу тәсілдерін қайта қарады. Енді негізгі басымдық әлеуметтік маңызы бар және халық арасында сұранысқа ие препараттарға берілген.

— Тізбені өзектендіру нәтижесінде мемлекеттік баға реттеуі 3 039 рецепт арқылы босатылатын дәрілік препаратқа қолданылады. Ал 4 918 препарат, оның ішінде рецептсіз босатылатын дәрілік заттар және құны 1 айлық есептік көрсеткіштен (АЕК) аспайтын рецепт арқылы босатылатын препараттар мемлекеттік баға реттеуінен шығарылды, — делінген хабарламада.

Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің мәліметінше, бұл мемлекеттік бақылауды халық үшін ең маңызды дәрілік заттарға шоғырландыруға және сонымен қатар фармацевтикалық нарыққа түсетін әкімшілік жүктемені азайтуға мүмкіндік береді.

Шекті бағалардың сақталуына бақылау жалғасып жатыр. 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында белгіленген шекті бағаларды асырудың 6 фактісі анықталып, олар бойынша әкімшілік шаралар қолданылды. Салынған айыппұлдардың жалпы сомасы 1,4 млн теңге.

Дәрілік заттардың қолжетімділігін қамтамасыз ету жөніндегі жұмыс өндірушілермен, дистрибьюторлармен және дәріхана ұйымдарымен бірлесіп жалғасуда. Шілде айының соңында Денсаулық сақтау министрлігі фармацевтикалық нарық қатысушыларымен кеңес өткізіп, онда дәрілік заттарды жеткізудің тұрақтылығы және бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу мәселелері талқыланды.

Айта кетелік есту аппаратын алу үшін енді мүгедектік мәртебесі талап етілмейді