Елде қанша мал мен төл бар

АСТАНА. KAZINFORM — Мал шаруашылығы саласында басым бағыттар бойынша нәтиже жоғары және тұрақты өсім бар. Ауыл шаруашылығы жануарларының саны да, өндірілген өнім көлемі де оң қарқынға ие.

Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

Атап айтқанда, ірі қара мал саны 2,7%-ға артып, 8,3 млн-ға жетті. Бұл ретте төл саны 2,8 млн бұзау болды, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 17,8%-ға өсті. Жылқы саны 6,9%-ға көбейіп, 4,4 млн басқа жетті, төл саны — 1 млн құлын (өсім 8,8%). Түйе саны 6,3%-ға артып, 300 мың болды, ал төл саны 53,8 мың ботаға жетіп, 5,9%-ға өсті.

Құс саны 8,8%-ға артып, 48,5 млн басқа жетті. Қой саны өткен жылғы деңгейде сақталып, 19,6 млн болды, қозы саны 7,7 млн жетіп, 5%-ға өсті.

— Есепті кезеңде ел бойынша еттің барлық түрінен 1 021,6 мың тонна өнім өндірілді, бұл 2024 жылғы көрсеткіштен 3%-ға жоғары. Атап айтқанда, сиыр еті — 358,8 мың тонна (2024 жылы — 351,4 мың тонна), қой еті — 111,8 мың тонна (109,1 мың тонна), жылқы еті — 146,8 мың тонна (140 мың тонна), құс еті — 337,1 мың тонна (326,3 мың тонна) және басқа да өнімдер өндірілді, — делінген АШМ хабарламасында.

Мал шаруашылығының өзге де өнімдері бойынша жетістік бар. Сүт өндірісінің көлемі 3 491 мың тонна, 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 5%-ға артты (3 324 мың тонна). Жұмыртқа өндірісі 4 156,7 млн данаға жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 1,5%-ға өсті (4 097 млн дана).

Мал шаруашылығының жалпы өнімінің нақты көлем индексі 103,5% болды, ал өндірілген өнімнің ақшалай көлемі 3,3 трлн теңгеге жетті. Бұл тұрақты дамудың және ел экономикасына үлестің жарқын көрсеткіші. 

Айта кетелік елде канадалық орман бизондары көбейіп жатқаны туралы жазған едік