Елде құны 1,4 млрд долларлық жел электр станциясы салынады

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанның оңтүстігінде жаңартылатын энергия көздері саласындағы ең ауқымды инвестициялық жобалардың бірі іске асырыла бастады.

Фото: Энергетика министрлігі

Бүгін Жамбыл облысында қуаты 1 Гигаватт (ГВт) болатын жел электр станциясының құрылысына ресми түрде старт берілді. Құны шамамен 1,4 миллиард АҚШ долларына тең жоба еліміздің оңтүстік өңірлеріндегі электр энергиясы тапшылығын реттеуге бағытталған.

Құрылыс алаңына салтанатты капсула салу рәсімі телемост форматында өтті. 

Энергетика министрлігінің өкілі жобаның негізгі макроэкономикалық маңызына тоқталды.

— Masdar компаниясымен әріптестік жаңартылатын энергетиканы дамытуға және Қазақстанның көміртегі бейтараптығына қол жеткізуіне ықпал етеді. Бұл жоба өңірдің энергетикалық қауіпсіздігін нығайтып, жаңартылатын энергия көздері секторына заманауи технологияларды тартуға мүмкіндік береді. Біз серіктестеріміздің еліміздің орнықты дамуына инвестиция салуға деген әзірлігін жоғары бағалаймыз әрі өз тарапымыздан жобаның барлық кезеңінің табысты жүзеге асырылуына қажетті қолдауды көрсетеміз, — деді Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов.

Жобаның техникалық ерекшелігі — жел генерациясының қуатты өнеркәсіптік энергия жинақтау жүйесімен қатар жұмыс істеуінде. Электр станциясы бастапқы кезеңнен-ақ қуаты 300 МВт, сыйымдылығы 600 МВт/сағат болатын заманауи энергия жинақтау жүйесімен жабдықталады. Мұндай аккумуляторлардың болуы баламалы энергетиканың басты мәселесін шешуге мүмкіндік береді: ауа райы құбылғанда немесе кешкі ең жоғары жүктеме кезінде де электр станциясы энергияны бірыңғай электр желісіне тұрақты әрі сенімді түрде бере алады.

Консорциумның инвесторлары мен акционерлері ретінде БАӘ-нің таза энергетика саласындағы жетекші компаниясы Masdar (үлесі 40%), W Solar құрылымы (40%), сондай-ақ «Самұрық-Қазына» қорының құрамындағы «Qazaq Green Power» компаниясы (18%) және Қазақстанның инвестициялық даму қоры — KIDF (2%) қатысады.

Экологиялық тиімділік тұрғысынан бұл электр станциясы атмосфераға бөлінетін көмірқышқыл газының көлемін жыл сайын 2,5 миллион тоннаға азайтып, Қазақстанның бекітілген мемлекеттік экологиялық көрсеткіштерге қол жеткізуіне ықпал етеді.

Құрылыс алаңдарын дайындау жұмыстары жоспарға сәйкес басталды. Жел электр станциясын толық көлемде коммерциялық пайдалануға беру 2029 жылдың үшінші тоқсанына жоспарланған. 

Айта кетелік энергетикалық инфрақұрылым объектілері күзет аймақтарының бірыңғай цифрлық тізілімі құрылады