— Елімізде шамамен 3,4 млн тонна мыс концентраты өндіріледі, оның шамамен 2 млн тоннасы ел ішінде өңделеді, ал қалғаны экспортқа шығарылады. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы жоғары өңдеу сатыларын игеру бойынша нақты міндет жүктеді. Осы мәселелерді шешу мақсатында біз қолданыстағы заңнамаға ауқымды өзгерістер енгізіп жатырмыз. Бұл өзгерістер өнімді тереңірек өңдеуге көшуді және Қазақстан аумағында қосымша құн тізбектерін құруды міндеттейді, — деді Олжас Сапарбеков Kazinform тілшісінің сұрағына жауап бере отырып.
Оның айтуынша, бүгінде бірқатар ұсыныс қабылданды. Сондай-ақ қазіргі уақытта экспортқа шығарылып жатқан мыс көлемін Қазақстанның өзінде өңдеуді қамтамасыз етуге септігін тигізетін қосымша жобалар қарастырылып жатыр.
— Өздеріңізге белгілі болғандай, жалпы өңдеу қуаты шамамен 600 000 тонна мысты құрайтын екі мыс балқыту зауытын іске қосу жоспарлары жарияланды. Бұл қазіргі уақытта экспортқа шығарылып жатқан көлемді ел ішінде өңдеуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, жаңа кен орындарын игеруді жоспарлап отырмыз. Бұл да өз кезегінде өнімді ел ішінде өңдеуге жол ашады. Алдын ала бағалауға сәйкес, шамамен 2030 жылдан бастап Қазақстанның өзінде бір миллион тоннадан астам катодты мысты өңдеуден өткізуді көздеп отырмыз, — деді вице-министр.
Бұған дейін хабарланғандай, Қазақстан алюминий мен мыс өңдеу көлемін екі есе арттырмақ.