Елде Орта кәсіпкерлікті дамыту жоспары бекітіледі

АСТАНА. KAZINFORM — Жедел тәртіппен «Алатау қаласының арнайы құқықтық режимі туралы» Конституциялық заңға түзетулер енгізіледі. Бұл туралы Үкімет отырысында Президент Жолдауын іске асыруды талқылау барысында Премьер-министрдің орынбасары — Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин мәлім етті.

Фото: accountingweb

— Отандық өндірісті қолдау саласында «Халықтық құрылыс» бағдарламасының инфрақұрылымдық жобалары үшін құрылыс материалдарын, металл конструкцияларын және инженерлік жабдықтарды шығаруды дамытуға ерекше мән беріледі. Сонымен қатар, жедел тәртіппен «Алатау қаласының арнайы құқықтық режимі туралы» Конституциялық заңға түзетулер енгізілетін болады, — деді Серік Жұманғарин.

Бұдан бөлек ол шағын және орта бизнесті дамыту саласында ағымдағы жылдың соңына дейін Орта кәсіпкерлікті дамыту жоспары бекітілетінін айтты.

— Құжат кәсіпорындарды ұзақ мерзімді жеңілдетілген қаржыландыруды және технологиялық жаңғыртуды қамтамасыз ету бойынша шаралар кешенін қарастырады. Сонымен қатар, бақылау жүйесін қайта жүктеу және реттеудің цифрлық моделіне көшу үшін үзіліс ретінде микро және шағын бизнес субъектілерін тексеруге үш жылдық мораторий енгізудің мақсатқа сәйкестігі туралы шешім қабылданады, — деді министр.

Бұған дейін хабарланғандай, бүгін Үкімет отырысында Мемлекет басшысының биылғы 28 қазандағы «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру жөніндегі жалпыұлттық іс-шаралар жоспарының» жобасы мақұлданып, тиісті қаулы қабылданды. 

Еске салсақ, биылғы Жолдауында Президент микро және шағын бизнесті тексеруге үш жылға мораторий енгізу мәселесін талқылауды ұсынды.