Елде өсімдік майын өндіру көлемі қаншалықты артты

Фото: ҚР АШМ

АСТАНА. KAZINFORM — Елімізде өсімдік майын өндіру бойынша жергілікті компаниялар сұранысты қаншалықты жауып отыр? Бұл сұраққа ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі жауап берді.

— Елімізде жылына 4,7 млн тоннадан астам майлы дақылды өңдейтін 90-ға жуық кәсіпорын жұмыс істеп тұр. Өсімдік және күнбағыс майының отандық өндіріс көлемі ішкі тұтыну көлемінен (өсімдік майы -331 мың тонна, күнбағыс майы — 281 мың тонна) 2,2 есе көп. Рапс майына ішкі нарықта сұраныс болмағандықтан өндірілген көлемі экспортқа өткізіледі. Өсімдік майының өндірісі 2023 жылмен салыстырғанда (672 мың тонна) 2024 жылы 12,6 пайызға өсіп, 757 мың тоннаға жетті. Оның ішінде күнбағыс майы 640 мың, ал рапс майының өндірісі 60,7 мың тоннаны құрады, — делінген министрліктің Kazinform агенттігіне берген жауабында.

Осы жылдың 9 айында былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда өсімдік майының өндірісі 23,3 пайызға өсті (519,4 мың тоннадан 640,5 мың тоннаға дейін), оның ішінде күнбағыс майы 26,7 пайызға (443,5 мың тоннадан 562,1 мың тоннаға дейін), рапс майы 14,3 пайызға (34,1 мың тоннадан 38,9 мың тоннаға дейін).

— Былтыр жалпы қуаттылығы жылына 79,2 мың тонна өсімдік майын өндіру бойынша 5 жоба іске қосылды, 2025 жылдың соңына дейін жалпы қуаттылығы 251 мың тонна болатын тағы 4 жобаны іске асыру жоспарланған, — деп аталып өткен АШМ ақпаратында.

Бұған дейін 2025 жылдың алғашқы 7 айында республикада 521,2 мың тонна өсімдік майы өндірілгенін жазған едік. 

Қазақстанда өндірілген күнбағыс майы көбіне Қытайға, Тәжікстанға, Өзбекстанға, Қырғызстанға экспортталып келеді. Рапс пен зығыр майын негізінен Қытай, соя майын Өзбекстан сатып алады.