Қазақстандық күнбағыс пен рапс: өнім көлемі, экспорт және импорт

дәнді-дақыл
Фото: Kazinform

Қазақстанда өндірілген күнбағыс майы көбіне Қытайға, Тәжікстанға, Өзбекстанға, Қырғызстанға экспортталып келеді. Рапс пен зығыр майын негізінен Қытай, соя майын Өзбекстан сатып алады. Ал биыл Астанадағы іскерлік форумында Ауғанстан жағы өсімдік майын ірі көлемде импорттауға дайын екенін айтып жатты.

Елімізде күнбағыс пен рапс өнімділігі қандай?

Ауыл шаруашылығы министрлігі мәліметіне қарағанда, егіс алқаптарын әртараптандыру саясаты майлы дақылдар егістіктерін кейінгі бес (2018-2022) жылда 2,7 млн гектардан 3,4 млн гектарға дейін ұлғайтуға мүмкіндік берді. Оның ішінде бес жылда күнбағыс егілген алқаптар 850 мың гектардан 1 млн гектарға дейін артты, ал рапс егілген алқаптар 366 мың гектардан 141,8 мың гектарға төмендеген. 2023 жылы күнбағыс 1,1 млн гектарға, рапс 97,9 мың гектар алқапқа егілді.

күнбағыс/рапс
Фото: Kazinform

Атап айтқанда, 2022 жылы күнбағыстың өнімі 1,3 млн тонна, ал рапс өнімі 188,6 мың тонна болды. Бұл көрсеткіш 2021 жылмен салыстырғанда тиісінше 26,4 пайызға және 29,4 пайызға артты.

«Елімізде күнбағыс майына сұраныс көп болғандықтан, егістік алқаптары жыл сайын ұлғайып келеді. Астана, Алматы қалалары мен Атырау облысын қоспағанда, барлық өнірлерде өсіріледі. Ең көп көлемдегі күнбағыс алқаптары Абай, Павлодар, Шығыс Қазақстан, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстарында орналасқан. Ал рапс дақылының алқабы Солтүстік Қазақстан, Ақмола және Шығыс Қазақстан облыстарында», - делінген министрлік мәліметінде.

күнбағыс/рапс
Фото: Kazinform

Жалпы, елімізде майлы дақылдарды өңдеу бойынша қуаттылығы 3 млн тонна шамасындағы 70-ке жуық кәсіпорын бар. Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес, 2022 жылы өсімдік майының өндірісі 663,4 мың тоннаға жетіп, 2021 жылмен салыстырғанда 54,2 пайызға артты. 2022 жылы ішкі нарықта өсімдік майы бойынша қажет көлем 457,5 мың тонна болып, отандық өндіріс есебінен 145 пайызға қамтамасыз етілді.

«Аталып өткендей, елімізде күнбағыс майына сұраныс көп, ал өндірілген рапс майы негізінен экспортқа шығарылады. 2022 жылы ішкі нарықта күнбағыс майын тұтыну көлемі 430,6 мың тонна болды», - деп аталып өткен Ауыл шаруашылығы министрлігі ақпаратында.

Статистиканың деректеріне сәйкес, 2022 жылы 537,1 мың тонна күнбағыс майы мен 40,2 мың тонна рапс майы өндірілді. Бұл көрсеткіш 2021 жылмен салыстырғанда тиісінше 62,2 пайызға және 5,6 пайызға өсті.

күнбағыс/рапс
Фото: Kazinform

«2023 жылдың 9 айында күнбағыс майын өндіру 379,9 мың тонна болып, 2022 жылдың 9 айымен салыстырғанда азайған. Ал рапс майының өндірісі 63,8 мың тонна болып, былтырғы 9 айға қарағанда 2,3 есеге артты», - делінген Ауыл шаруашылығы министрлігі мәліметінде.

2021-2022 жылдары майлы дақылдарды өңдеу бойынша жалпы қуаттылығы 1 млн тонна болатын жоғары технологиялық үш ірі кәсіпорын іске қосылды.

Былтыр күнбағыс пен рапс майының экспорты өсті

Былтыр күнбағыстың экспорты 346 мың тонна болып, 2021 жылмен салыстырғанда 1,3 есеге артты. Ал рапстың экспорты 57 тоннаға жетіп, 2021 жылғы көрсеткішке қарағанда 16,8 пайызға төмендеді. Бұдан бөлек, 2022 жылы күнбағыстың импорты 2021 жылмен салыстырғанда 3,1 есеге артқан және 214,7 мың тоннаға жетті. Ал рапстың импорты 1,2 есеге артып, 33,4 мың тонна болды.

күнбағыс/рапс
Фото: Kazinform

«Былтыр күнбағыс майының экспорты 229,4 мың тонна деңгейінде болды. Бұл көрсеткіш 2021 жылмен салыстырғанда 1,6 есеге өсті. Сонымен қатар, рапс майының экспорты 47,1 мың тонна болып, 81,9 пайызға артты. Мұнымен қоса, 2022 жылы күнбағыс майының импорты 107,8 мың тонна (2021 жылға қарағанда 16,6 пайызға артық) көлемінде болды. Рапс майының импорты 374 тонна болып, 4 есеге көбейген», - деп аталып өткен Ауыл шаруашылығы министрлігі дерегінде.

Сонымен, 2022 жылы күнбағыс майы экспортының негізгі көлемі Өзбекстанға (38,6%), Қытайға (31%), Тәжікстанға (14,7%), Ауғанстанға (7,3%), Түркияға (7%), Қырғызстанға (0,1%) экспортталды.

Биылғы жарты жылдағы сауда көрсеткіштері қандай

Сауда және интеграция министрлігі мәліметіне қарағанда, Қазақстанның тазартылған және тазартылмаған өсімдік майының тауар айналымы 2023 жылғы қаңтар-шілдеде 329,1 млн АҚШ доллары болды. Бұл көрсеткіш былтырғы сәйкес кезеңімен салыстырғанда 10 пайызға төмен (365,6 млн АҚШ доллары).

2023 жылғы қаңтар-шілдеде Қазақстаннан тазартылған және тазартылмаған өсімдік майының экспорты 13,2 пайызға төмендеп, 220,9 млн АҚШ доллары шамасында болды.

Осы орайда биылғы жарты жылда экспорт құрамындағы негізгі тауарлар: күнбағыс майы - 185,7 млн АҚШ доллары (үлесі 84,1%), рапс майы - 22,5 млн АҚШ доллары (10,2%), өсімдік майлары мен өзге де майлар - 6,7 млн АҚШ доллары (3%), соя майы - 5,1 млн АҚШ доллары (2,3%), пальма майы 630 мың доллар (0,29%) болды.

«2023 жылғы қаңтар-шілдеде Қазақстанға тазартылған және тазартылмаған өсімдік майының импорты 2,7 пайызға төмендеп, 108,2 млн АҚШ долларын құрады. Сонымен қатар, пальма майы сияқты тауарлардың импорты 41,7 пайызға немесе 11,9 млн АҚШ долларға, кокос майы 59 пайызға (1,3 млн АҚШ долларға), зәйтүн майы 58,8 пайызға (934 мың долларға), рапс майы 57,1 пайызға (195,5 мың долларға) өсті», - делінген Сауда және министрлігі ақпаратында.

күнбағыс/рапс
Фото: Kazinform

Импорт құрамында мына өнімдер бар: күнбағыс майы - 56,6 млн АҚШ доллары (үлесі 52,3%), пальма майы - 40,5 млн доллары (37,4%), өсімдік майлары мен өзге де майлар - 3,7 млн АҚШ доллары (3,4%), кокос майы - 3,5 млн АҚШ доллары (3,3%), зәйтүн майы - 2,5 млн АҚШ доллары (2,3%), рапс майы - 537,8 мың доллар (0,5%), соя майы - 305,1 мың доллар (0,28%).

2023 жылдың қаңтар-шілде айларында тазартылмаған күнбағыс майын сатып алатын негізгі елдер қатарында Қытай (78 млн АҚШ доллары), Өзбекстан (48,7 млн доллар), Тәжікстан (23,6 млн доллар) және Ауғанстан (6,8 млн доллар) болды.

Бұдан бөлек, күнбағыс майы мен оның фракцияларын негізгі сатып алушылар қатарына Өзбекстан, Ауғанстан, Қытай, Қырғызстан және Тәжікстан кірді. Осы жылғы қаңтар-шілдеде сатып алу бойынша топ-8 арасына Моңғолия, Ресей, Түркия енді.

күнбағыс/рапс
Фото: Kazinform

Өткен бес жыл ішінде Қазақстан Республикасы Ұлттық статистика бюросы деректерінің экспресс-ақпаратына сәйкес, 2018 жылдан 2022 жылға дейін күнбағыс майы бағасының айтарлықтай өсуі байқалды.

Ресми статистикалық деректерге қарағанда, 2018 жылдан 2022 жылға дейінгі жағдай бойынша күнбағыс майы бағасының өсу индексі: 2018 жылы – 9,4%; 2019 жылы – 0,9%; 2020 жылы – 36,8%; 2021 жылы – 29,8%; 2022 жылы 16,9 пайыз болды.

Ал биылғы 9 айда күнбағыс майының бағасы 16,5 пайызға төмендегені байқалады.

Соңғы жаңалықтар