Елде паспортты кімдер тегін ала алады

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM — Биыл Қазақстан азаматтарының жеке басын куәландыратын құжаттарды рәсімдеу тәртібі өзгерді. Соның бірі — жеке куәлікті алғаш рет алу және оның қолданылу мерзімі аяқталғаннан кейін ауыстыру кезінде мемлекеттік баждың алынбауы.

Фото: Kazinform

Алайда мамандар бұл жеңілдік жеке куәлікті жоғалтып алғанда, бүлдіргенде немесе деректерді өзгерткенде қолданылмайтынын атап өтті.

Мұндай жағдайда қолданыстағы тәртіп сақталып, баж салығы төленеді.

Ал паспортты рәсімдеу жалпы жағдайда ақылы болғанымен, бірқатар санаттағы азамат бұл төлемнен босатылады.

Фото: Гүлназ Бадырақованың жеке архивінен

— Қазақстан азаматының паспорты жеке куәлік сияқты барлығына бірдей тегін берілмейді. Паспорттың 24 беттік нұсқасы 16 жасқа дейінгі балаларға арналған. Биыл оның құны 4 айлық есептік көрсеткіш, 36 беттік паспорт 8 айлық есептік көрсеткіш, ал 48 беттік құжат 12 айлық есептік көрсеткіш болып белгіленген.

Сонымен бірге заңда белгіленген жеңілдікке ие азаматтар паспорт үшін мемлекеттік баж төлемейді. Олардың қатарында Кеңес Одағының батырлары, Социалистік Еңбек Ерлері, үш дәрежелі «Даңқ» және «Еңбек даңқы», «Алтын Қыран», «Отан» ордендерінің иегерлері, «Халық Қаһарманы», «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын алғандар, сондай-ақ «Батыр Ана» атағына ие және «Алтын алқа», «Күміс алқа» төсбелгілерімен марапатталған көпбалалы аналар, Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлері және оларға теңестірілген адамдар бар. Сонымен қатар бұл санатқа мүгедектігі бар адамдар, бала кезінен мүгедектігі бар адамның немесе мүгедектігі бар баланың ата-анасының бірі, қарттар мен мүгедектігі бар адамдарға арналған медициналық-әлеуметтік мекемелерде тұратын азаматтар, мемлекеттік балалар үйлерінде және интернаттарда тұратын жетім, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, сондай-ақ Чернобыль апатынан зардап шеккен азаматтар жатады, — деді «Азаматтарға арналған үкімет» МК Ке АҚ Қызылорда облысы бойынша филиалының фронт- офистерді үйлестіру басқармасының басшысы Гүлназ Бадырақова.

Құжаттарды рәсімдеу үшін азаматтар тұрғылықты жеріне қарамастан ХҚО-ға жүгіне алады. Жалпы тәртіппен паспорт пен жеке куәлік 15 жұмыс күнінен кешіктірілмей дайындалады.

Бұған дейін біз Жамбыл облысында тұмауға қарсы екпені кімдер тегін алатынын жазған едік.