Елде «сән-салтанат салығы» қалай жұмыс істейді

АСТАНА. Kazinform — Мемлекеттік кірістер комитеті қоғамда «сән-салтанат салығы» деп аталып жүрген нормалардың қолданылу тәртібін түсіндірді.

Коллаж: Kazinform/ DALL-E/ Pixabay

МКК-нің өндірістік емес төлемдерді әкімшілендіру басқармасының басшысы Гүлмира Смағұлованың айтуынша, бұл жаңа салық түрі емес. Бұл — қолданыстағы салық жүйесі аясында қымбат мүлікке қатысты қолданылатын жоғары салық мөлшерлемелері.

Оның айтуынша, салықты есептегенде негізгі өлшем ретінде азаматтың барлық мүлкінің жиынтық құны алынады. Егер оның жалпы құны 450 млн теңгеден асса, салық прогрессивті мөлшерлемемен есептеледі.

— Мүліктің қай өңірде орналасқаны ескерілмейді. Белгіленген шектен асқан жағдайда артық бөлікке жоғары мөлшерлеме қолданылады, — деді ол.

Қандай мүлік қымбат саналады

Жоғары салық салынатын санатқа құны белгіленген шектен асатын мына мүлік түрлері кіреді:

* құны 18 000 АЕК-тен (шамамен 77,8 млн теңге) асатын автомобильдер;
* құны 24 000 АЕК-тен (шамамен 103,8 млн теңге) асатын яхталар мен әуе кемелері;
* қымбат алкоголь және темекі өнімдері.

Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, салық есептеу кезінде нарықтық баға емес, мемлекеттік бағалау құны негізге алынады. Бағалауды уәкілетті орган жүргізеді.

Бұл ретте тұрғын үйдің ауданы, құрылыс сипаттамалары, орналасқан жері және тозу деңгейі сияқты көрсеткіштер ескеріледі.

Егер азаматтың бірнеше жылжымайтын мүлкі болса, олардың құны жиынтықталып есептеледі. Кейін салық әрбір объектіге пропорционалды түрде бөлінеді.

Төлем мерзімі және жауапкершілік

Мемлекеттік кірістер комитеті салықты 1 қазанға дейін төлеу қажеттігін еске салды. Белгіленген мерзімнен кешіктірілген жағдайда берешек туындап, өсімпұл есептеледі.

Одан кейін салық төлеушіге хабарлама жіберіледі. Төлем жүргізілмеген жағдайда банк шоттары бұғатталуы мүмкін, сондай-ақ берешек мәжбүрлі өндіріп алу тәртібіне беріледі.

Айта кетейік, бұған дейін салық жүйесіндегі 14 ақпараттық платформа 5 негізгі жүйеге біріктірілгені жайлы хабарладық.