Іскерлік туризм: Қазақстанның қай аймағы көш бастап тұр

АСТАНА. KAZINFORM — 2026 жылдың алғашқы алты айында Қазақстанның курорттық аймақтарына іскерлік және кәсіби мақсатпен 510,8 мың турист келген. Олардың басым бөлігі Алматының таулы туристік аймағын таңдаған, деп хабарлайды Kazinform агенттігі Ranking.kz сайтына сілтеме жасап.

Фото: Kazinform/ЖИ

Қазақстанда іскерлік кездесулер, корпоративтік сапарлар, конференциялар мен көрмелерді қамтитын MICE-туризм қарқынды дамып келеді. Ranking.kz сарапшыларының мәліметінше, бұл сала негізінен екі бағытта өркендеп жатыр. Біріншісі — ірі қалаларда халықаралық іс-шаралар өткізу, екіншісі — курорттық аймақтарда іскерлік кездесулер мен түрлі жиындар ұйымдастыру.

Бірінші бағыттың ел экономикасына әкелетін пайдасы зор. Туризм және спорт министрлігінің дерегінше, былтыр Қазақстанда 13 ірі халықаралық іскерлік іс-шара өтіп, елге шамамен 18 миллион доллар табыс әкелген. Бұл 2024 жылмен салыстырғанда 20 пайызға көп.

Еліміздегі іскерлік туризмнің негізгі орталықтарының бірі — Алматы. Өткен жылы қалада ұйымдастырылған халықаралық іс-шаралардың нәтижесінде жергілікті бюджетке шамамен 3 миллион доллар түскен.

Екінші бағыт бойынша іскерлік жиындар қалаларда ғана емес, туристер жиі баратын демалыс орындарында да өткізіледі. Олардың қатарында қала сыртындағы конференциялар, халықаралық және республикалық көрмелер, салалық форумдар, семинарлар мен корпоративтік іс-шаралар бар.

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, соңғы жылдары курорттық аймақтарда іскерлік туризм айтарлықтай жандана түскен. 2024–2025 жылдары бұл аймақтардағы қонақүйлер мен демалыс орындарында іскерлік немесе кәсіби мақсатпен келген 1,1 миллионнан астам адамға қызмет көрсетілген. Бұл — соңғы жылдардағы ең жоғары көрсеткіш.

Осылайша, курорттық аймақтардағы қонақүйлер мен демалыс орындарына тоқтаған әрбір төртінші адам жұмыс бабымен келген.
2026 жылдың қаңтар-маусым айларында мұндай туристер саны 510,8 мың адамға жетті. Олардың 64 пайызы — Қазақстан азаматтары, қалған 36 пайызы — шетелдіктер.

Іскерлік туристер ең көп баратын орын — Алматының таулы туристік аймағы. Биылғы алғашқы жартыжылдықта курорттық аймақтарға жұмыс бабымен келгендердің 77,3 пайызы, яғни 395 мыңға жуық адам осы өңірді таңдаған.

Ұлттық статистика бюросының деректері Алматыдағы таулы туристік аймағының демалыс орны ғана емес, жұмыс пен саяхатты ұштастыруға қолайлы аймаққа айналып келе жатқанын көрсетіп отыр.

Мәселен, 2020–2025 жылдар аралығында мұндағы қонақүйлерге іскерлік және кәсіби мақсатпен тоқтағандар саны 2,5 есе өскен. Тек 2025 жылдың өзінде Алматы тау кластерінің қонақүйлері 925,7 мың іскерлік туристі қабылдаған. Бұл 2024 жылғы көрсеткіштен 7,1 пайызға жоғары.

Сұраныстың артуына байланысты іскерлік іс-шаралар өткізуге арналған инфрақұрылым да кеңейіп келеді. Мысалы, Oi-Qaragai тау курортында конференциялар, корпоративтік кездесулер мен фестивальдер ұйымдастыруға арналған арнайы орындар ашылған.

Олардың қатарында 200 адамға арналған Aqtas Hall конференц-залы, 250 қонақты қабылдай алатын Panorama шатыры және 3 мың адамға дейін жиналатын ашық алаң бар.

Соңғы екі жылда Aqtas жаңа тау курортын дамытуға шамамен 58 миллиард теңге инвестиция салынған. Бұл қаржы аспалы жолдар, мейрамхана, қонақүй бөлмелері мен түрлі іс-шаралар өткізуге арналған орындар салуға жұмсалған.

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында Қазақстанның курорттық аймақтарындағы қонақүйлер мен өзге де демалыс орындары көрсеткен қызметтердің жалпы құны 91,2 миллиард теңгеге жеткен.

Ranking.kz сарапшыларының есебінше, осы қаржының шамамен 22,6 миллиард теңгесі іскерлік мақсатпен келген туристерге көрсетілген қызметтерден түскен. Бұл көрсеткіш туристердің жалпы санындағы іскерлік мақсатпен келгендердің үлесі негізінде анықталған.

Оның үстіне есепке конференц-залдарды жалға беру, тамақтандыру және іс-шараларды ұйымдастырудан түсетін қосымша табыс кірмеген.
Қазақстанға жұмыс бабымен келетін шетелдіктердің шығыны да артып келеді. Ұлттық статистика бюросы жүргізген зерттеу нәтижесіне сәйкес, 2026 жылдың алғашқы алты айында олардың жалпы шығыны былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 5,4 пайызға өскен.

Атап айтқанда, шетелдік іскерлік туристердің қонақүйге жұмсаған қаржысы 9,7 пайызға, тамақтануға кеткен шығыны 7,7 пайызға артқан.
Ең жоғары өсім мәдени іс-шараларға жұмсалған шығыннан байқалған. Бұл бағыттағы шығыс 24,1 пайызға көбейген. Ал демалыс пен спорттық іс-шараларға жұмсалған қаржы 22,2 пайызға, емдеу және сауықтыру қызметтеріне кеткен шығын 13 пайызға өскен.

Сарапшылардың пікірінше, бұл деректер Қазақстанға жұмыс бабымен келетін шетелдіктердің іскерлік сапарды демалыспен, мәдени іс-шаралармен және сауықтыру қызметтерімен жиі ұштастыра бастағанын аңғартады.

Айта кетейік, бұған дейін ішкі туризм 84,4% өскені хабарланды.