ҚР Денсаулық сақтау министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, қазіргі уақытта телемедициналық қызметтерге 655 медициналық ұйым қосылған. Олардың әлеуетті қамту ауқымы 2 миллионнан астам адамды құрайды. Бүгінгі таңда 1 миллионнан астам қазақстандық дәрігерлердің қашықтан консультацияларын пайдаланды.
Телемедицинаның арқасында ауылдық және шалғай елді мекендердің тұрғындары облыстық және республикалық клиникаларға бармай-ақ бейінді мамандардың кеңесін уақытылы ала алады.
Бұл медициналық көмекті күту уақытын қысқартуға, пациенттердің қаржылық және уақыт шығындарын азайтуға, сондай-ақ тұрғылықты жері бойынша үздіксіз медициналық бақылауды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Жыл басынан бері еліміздің медициналық ұйымдары 23,1 миллионнан астам медициналық қызмет көрсетті. Оның ішінде 2,17 миллионнан астам қызмет қашықтан ұсынылды.
Телемедициналық қызметтердің үлесі 9,4%-ға жетіп, практикалық денсаулық сақтау саласында цифрлық технологияларды қолданудың тұрақты өсіп келе жатқанын дәлелдейді.
-Денсаулық сақтау министрлігі телемедицинаны одан әрі дамытуды жалғастырады. Бұл сапалы медициналық көмектің еліміздің әрбір тұрғыны үшін, тұрғылықты жеріне қарамастан, бірдей деңгейде қолжетімді болуын қамтамасыз етуге бағытталған,-делінген хабарламада.
Осыған дейін 1 млиллионнан астам адамның телемедициналық қызметті пайдаланғаны туралы жаздық.