Елде тұрғын үй және энергетикаға қатысты заңнамалық өзгерістер әзірленіп жатыр

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жүзеге асыру үшін заңнаманы жетілдіруге назар аударылып отыр. Бұл туралы Ұлттық экономика вице-министрі Асан Дарбаев айтты.

Фото: Kazinform\ЖИ

Оның айтуынша, 2025 жылы 25 нормативтік құқықтық актіні қамтитын түзетулердің алғашқы топтамасы қабылданған.

— Бюджет кодексіне, сондай-ақ табиғи монополиялар, энергия үнемдеу, электр энергетикасы, жылу энергетикасы, тұрғын үй қатынастары, сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі салаларындағы заңдарға өзгерістер енгізілді, — деді А. Дарбаев аталған ұлттық жобаны жүзеге асыру жөніндегі қоғамдық кеңестің отырысында.

Қазіргі уақытта түзетулердің екінші топтамасы әзірленіп жатыр. Оның негізгі бағыты — есепке алу құрылғылары: бұл меншік құқығы, қызмет ету мерзімі, қолжетімділік, деректерді техникалық операторға беру міндеттемесі және осы деректерге қойылатын бірыңғай талаптар сияқты мәселені қамтиды.

— Өзгерістер табиғи монополиялар, электр энергетикасы, газ және газбен жабдықтау, жылу энергетикасы, тұрғын үй қатынастары салаларындағы заңнамаларға, сондай-ақ Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске қатысты болады, — деді вице-министр.

Бұған дейін хабарланғандай, Асан Дарбаев жобаларды қаржыландыруға қатысты түсінік берді.