Коммуналдық секторды жаңғырту: ұлттық жобаны қаржылындару қалай іске асып жатыр
АСТАНА. KAZINFORM — Жобаларды қаржыландыруға екінші деңгейлі банктердің қатысуын күшейту керек. Бұл туралы «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы іске асыру барысын талқылау кезінде Ұлттық экономика вице-министрі Асан Дарбаев айтты.
— 2025–2029 жылдарға арналған жалпы инвестиция көлемі 11,7 трлн теңгені құрайды. Оның 7,97 трлн теңгесі коммуналдық секторға, ал 3,85 трлн теңге электр энергиясын өндіру саласына бағытталады. Бұл қаражат 84 мың шақырым коммуналдық желіні жөндеуге және жаңғыртуға, қуаты 7 309 МВт болатын жаңа энергетикалық нысандарды іске қосуға, сондай-ақ 15 жаңа электр өндіру нысанын салуға және қолданыстағы 12 нысанды қайта жаңартуға жұмсалады. Нәтижесінде, ел бойынша коммуналдық желілердің орташа тозу деңгейі 40%-ға дейін төмендеп, аталған нысандардағы апаттар саны 25%-ға азаяды, — деді Асан Дарбаев аталған ұлттық жобаны жүзеге асыру жөніндегі қоғамдық кеңестің отырысында.
Оның айтуынша, ұлттық жобаны жүзеге асыру үшін жеке сектор, мемлекет және шетелдік көздерден ресурстар жұмылдырылды. 2026 жылғы қарашадағы жағдай бойынша, екінші деңгейдегі банктер 238 млрд теңге бөлуді көздесе, халықаралық қаржы институттары — ЕҚДБ, Дүниежүзілік банк, АИИБ, АДБ және EXIM — 122,1 млрд теңге қаражат ұсынды.
— Жалпы алғанда, коммерциялық банктер, халықаралық қаржы ұйымдары және «Бәйтерек» холдингі арқылы 951,5 млрд теңгеден астам қаражат қарастырылған. Мұның 60%-дан астамы «Бәйтерек» холдингінің үлесіне тиесілі. Мемлекеттік даму институттарына түсетін жүктемені азайту үшін екінші деңгейдегі банктер мен халықаралық серіктестердің қатысуын одан әрі кеңейту қажет, — деді вице-министр.
Бұған дейін ҚР Премьер-министрінің орынбасары Қанат Бозымбаев өңірлердегі коммуналдық жобаларды жеделдетуді тапсырғанын жазған едік.